Бақыт Сәрсекбаевтың Азия чемпионатына көңілі толмады

Футбол шолушысы

Бокстан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Джакартада өткен U19 Азия чемпионатының қорытындысына баға берді.

Бақыт Сәрсекбаевтың Азия чемпионатына көңілі толмады
instagram.com/u19_kazakhstan/

“Бұл нәтиже біз үшін аз”

Индонезия астанасында өткен құрлықтық додада Қазақстанның жастар құрамасы 2 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль иеленді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда нәтиже жақсарғанымен бас бапкер команданың әлеуеті бұдан да жоғары екенін айтты. Бұл туралы Dalanews жазады. 

“Көңілім толмайды. Біз үшін бұл өте аз. Бұдан да көп медаль алуға мүмкіндігіміз болды. Кейде боксшы жақсы дайындалғанымен сәттілік жетіспей жатады”, – деді бас бапкер.

Ол кейбір жекпе-жектердің нәтижесіне қатысты сұрақтар бар екенін де жасырмады. Соған қарамастан жарыс ережесіне сәйкес төрешілер шешіміне апелляция немесе ресми шағым түсіруге мүмкіндік болмағанын жеткізді.

Федерация өкілдері туралы айтты

Бас бапкер Азия чемпионаты кезінде Қазақстан бокс федерациясының өкілдерін жарыс орнынан көрмегенін мәлімдеді. Сонымен қатар Джакартадағы додаға Қазақстаннан барған боксшыларға қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Сәрсекбаев федерация басшылығының не себепті жарысқа бармағанын өздерінен сұрау керектігін айтты.

Бапкердің пікірінше, халықаралық турнирлерде спортшыларды тек жаттықтырушылар штабы емес, федерация өкілдері де қолдауы маңызды.

Тәртіп шеберліктен де маңызды

Сұхбат барысында Бақыт Сәрсекбаев жастар құрамасындағы тәртіп мәселесіне де тоқталды. Ол спортта тұрақты нәтиже көрсету үшін қатаң талап қажет екенін атап өтті.

“Тәртіп шеберлікті жеңеді – бұл менің өмірлік ұстанымым. Тәртіп болмаған жерде үлкен нәтижеге жету қиын”, – деді маман.

Бас бапкер футболдағы Испания құрамасын мысалға келтіріп, атақты әрі жоғары жалақы алатын ойыншылардың да бапкер мен төреші талабына толық бағынатынын айтты.

Оның пікірінше, кейбір жас спортшылар алғашқы жетістіктен кейін босаңсып, өзіне қойылатын талапты төмендетіп жатады. Бұл кейін нәтижеге кері әсер етуі мүмкін.

“Әр боксшым – менің жалғызым”

Сәрсекбаев әр спортшыға жеке жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Ол шәкірттерінің мінезін, психологиялық жағдайын және дайындығын үнемі бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сонымен бірге ұлттық құрама сапында босаңсуға орын жоқ екенін ерекше атап өтті.

Бапкердің мақсаты – жастар құрамасындағы әр боксшыны жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарға дайындап, ұлттық құраманың нәтижесін жақсарту.