Сұңқар Қаныбек каратэден әлем чемпионатының финалына шықты
Қазақстандық каратэші Польшадағы жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік алды.
Әлем чемпионатының финалына қалай жетті?
Бельско-Бяла қаласында кадеттер, жасөспірімдер және 21 жасқа дейінгі жастар арасында каратэден әлем біріншілігі өтіп жатыр.
Қазақстан намысын қорғап жатқан Сұңқар Қаныбек жасөспірімдер арасындағы кумитэ бағдарламасында 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалға жолдама алды. Ол іріктеу кезеңінде Венгрия, Қырғызстан, Сенегал және Сауд Арабиясының өкілдерін жеңіп, жартылай финалға сенімді түрде шыққан.
Сұңқар жартылай финалда мысырлық Гад Али Алаэддинмен кездесіп, 6:2 есебімен басым түсті. Осылайша қазақстандық каратэші әлем чемпионатының алтын медалі үшін күресу құқығына ие болды.
Финалда кіммен кездеседі?
Шешуші кездесуде Сұңқар Қаныбек шотландиялық Броди Калленмен күш сынасады.

Кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы финалдық жекпе-жектер 17 қазанда өтеді.
Сұңқар Қаныбек – Қызылорда каратэ мектебінің түлегі. Ол бұған дейін халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, бірнеше мәрте жоғары нәтиже көрсеткен.
Атап айтқанда Karate 1 – Youth League жастар лигасының Фуджейра және Гвадалахара қалаларында өткен кезеңдерінде топ жарған.