
Мексикалық нокаутер, жартылай жеңіл салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Маурисио "Бронко" Лара (26-3-2, 19 KO) екі жылға спорттан шеттетілді. Бұл шешімді Британдық антидопингтік агенттік (UKAD) қабылдады.
Лара 2023 жылдың мамырында өткен титулдық реваншта жергілікті боксшы Ли Вудтан жеңіліп қалды. Сол жекпе-жектен кейін боксшы допинг тестінен өте алмай, ағзасынан тыйым салынған бетаметазон препараты табылған.
Маурисио Лара бұл жағдайға қатысты UKAD-қа түсініктеме беріп, жекпе-жек алдында иығына дексаметазон инъекциясы жасалғанын айтты. Бірақ агенттік бетаметазонның ағзада пайда болуын бұл себеппен түсіндіруге болмайтынын алға тартты.
UKAD Лараға екі жылдық шеттету жазасын "кері күшпен" қолдану туралы шешім шығарды. Бұл шектеу 2024 жылдың наурыз айынан бастап есептеледі.
Айта кетерлігі, осы уақыт аралығында Лара екі рет жекпе-жек өткізіп, екі мәрте ерте жеңіске жеткен. Ол Педро Дельгадо мен Эдвинг Давиланы нокаутпен жеңіп, өзінің спорттық формасын жоғалтпағанын дәлелдеген.
Лара әлемдік деңгейдегі боксшы ретінде 2021 жылдың ақпанында көзге түсті. Ол сол кезде Ұлыбританияда өткен жекпе-жекте жергілікті жұлдыз Джош Уоррингтонды сенсациялық түрде нокаутпен жеңді.
Көпшілік күткен қарымта жекпе-жек техникалық тең нәтижемен аяқталды, себебі Уоррингтон кездейсоқ соққы жасап, Лараның көзін жарақаттаған болатын.
Ал 2023 жылдың ақпанында мексикалық боксшы Ли Вудтан WBA чемпиондық белбеуін тартып алды. Ол бұл кездесуде 7-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткенімен, судьялардың ұпай санымен ұтылып жатқан еді.