Жапониялық ғалымдар кофеиннің спорттық көрсеткіштерге әсерін зерттеп, оның жаттығу тиімділігін арттыруы мүмкін деген бұрынғы ғылыми тұжырымдарға күмән келтірді.
Ғылыми тәжірибеге жоғары дайындалған 16 ерікті спортшы қатысты. Олар екі топқа бөлінді:
Бір топ жаттығуға дейін бір сағат бұрын дене салмағына шаққанда 6 мг кофеин қабылдады. Екінші топқа плацебо берілді.
Қатысушылар интервалдық спринтерлік жаттығу орындады.
Зерттеу барысында кофеиннің жаттығу кезіндегі ең жоғарғы және орташа қуатқа әсер етпейтіні және басты жүктеме түсетін квадрицепс бұлшықеттерінің жұмысын жақсартпайтыны анықталды.
Сонымен қатар кофеин сүт қышқылының (лактаттың) жиналуынан пайда болатын табиғи бұлшықет ауырсынуын жеңілдетпеген.
Жапон ғалымдары бұл нәтижелердің кофеиннің спорттағы пайдасын көрсеткен алдыңғы зерттеулермен сәйкес келмейтінін атап өтті. Олар кофеиннің әсері жаттығудан кейінгі ұзақ демалыс кезінде байқалуы мүмкін деп болжады.
Бұрынғы зерттеулерге сәйкес, кофеин физикалық шыдамдылықты арттырып, жаттығу кезіндегі бұлшықет ауырсынуын азайтатыны анықталған. Осы себепті ол жиі ауырсынуды басатын дәрілердің құрамында кездеседі және көптеген спортшы оны жаттығу алдындағы қоспалар ретінде пайдаланады. Мұндай қоспалар энергияны арттырып, концентрацияны жақсартады.