"Қайрат" жанкүйерлері командасынан теріс айналды

Редактор Penalty.kz
28.04.2025, 20:10

27 сәуір күні Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан Премьер-Лигасының басты фавориттері кездескен матч өтті. "Қайрат" өз жанкүйерлерінің қолдауынсыз қостанайлық "Тобылды" 2:1 есебімен жеңіп шықты.

vesti.kz

Неліктен жанкүйерлер стадионға келген жоқ?

“Қайраттың” фанаттық секторын қолдайтын жанкүйерлер өз командасының үй матчтарына бойкот жариялағандарын ресми түрде мәлімдеді. Бұл шешім №51 сектордың белсенді көрермендері тарапынан қабылданды және матч барысында анық байқалды.

Фанаттардың айтуынша, олар клуб басшылығымен конструктивті диалог орнатуға тырысқанымен, барлық ұсыныс ескерусіз қалған. Жанкүйерлер Алматыдағы фанаттық мәдениетті дамыту үшін түрлі бастамалар көтерген, бірақ олардың идеялары себепсіз және талқылаусыз қабылданбаған.

“Қайрат” жанкүйерлерінің мәлімдемесі

Фанаттар өз мәлімдемесінде былай деп жазды:

“Біздің бойкот — «Қайраттан» бас тарту емес, бұл — фанаттар қауымдастығына деген немқұрайдылық пен құрметсіздікке қарсы наразылық. Біз сұрап отырған жоқпыз, біз құрмет талап етеміз. “Қайрат” — бұл біз, жанкүйерлер. Бұл клубтың жүрегі”.

Айта кетейік, “Қайрат” пен “Тобыл” арасындағы матчта алматылықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Қазір алматылық ұжым ҚПЛ-да 17 ұпай жинап, турнирлік кестеде көш бастады. 

Клуб басшылығы әзірге бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірмеді.