Англия футбол қауымдастығы (FA) Лондонның «Челси» клубы мен Украина құрамасының жартылай қорғаушысы Михаил Мудрикке қатысты ресми айып тақты. Ойыншы допинг ережесін бұзды деген күдікке ілініп отыр.
FA мәлімдемесіне сәйкес, Михаил Мудрик WADA тізіміндегі тыйым салынған зат — мельдонийді қолданды деген күдікке ілінген. Бұл факт 2024 жылдың соңында алынған допинг-тест нәтижесінде анықталған.
FA Мудрикті ұйымның антидопинг кодексінің 3 және 4-баптары бойынша айыптауда. Бұл баптар тыйым салынған затты денеде анықтау және/немесе пайдалану фактілеріне қатысты. Егер бұл айыптар дәлелденсе, Мудрикке 4 жылға дейін жарыстан шеттетілу қаупі төніп тұр — ол футболға 2028 немесе тіпті 2029 жылы ғана оралады.
Допинг-сынамасы 2024 жылдың соңында алынған. Содан бері Мудрик уақытша ойыннан шеттетілген. Оның соңғы ресми матчы 2024 жылдың қараша айында «Хайденхаймге» қарсы Конференция лигасында өткен, онда ол гол соққан болатын. Осы кездесуден кейін футболшы жаттығу процесінен де алшақтатылған.
Мудрик өзін қорғау үшін Morgan Sports Law фирмасына жүгінді. Бұл компания бұған дейін Поль Погбаға қатысты іс бойынша Спорттық арбитраждық сотта (CAS) дисквалификация мерзімін 4 жылдан 18 айға қысқартуға қол жеткізген.
Қазіргі таңда «Челси» клубы мен футболшының адвокаттарынан ресми мәлімдеме жарияланған жоқ.