"Милан" Ардон Яшари трансфері бойынша нақты қадамдарға көшті. Бельгияның "Брюгге" клубына жолданған жаңа ресми ұсыныс 30 миллион еуро + бонус (жалпы 35 миллион) көлемінде. Бұл – Яшариге қызығушылық білдірген клубтар арасындағы ең жоғары ұсыныс.
Швейцариялық 22 жастағы жартылай қорғаушы "Миланмен" бес жылдық келісімшартқа келіскен. Жыл сайынғы жалақысы 2,8 миллион еуро. Бұл туралы италиялық БАҚ өкілдері хабарлады.
"Яшари тек "Миланға" өтуді қалайды. Ол "Боруссия Дортмунд" пен бірнеше ағылшын клубының ұсынысын қабылдаудан бас тартты", — деп жазады Sky Sport Italia.
Футболшының бала күнгі арманы — "Сан-Сиро" стадионында өнер көрсету. Ол бұрын "Милан" мен "Барселона" арасындағы матчқа жанкүйер ретінде барғанын және содан бері "россонерилерге" жанкүйер екенін айтқан. Эмоционалды фактор бұл трансферде маңызды рөл ойнауда.
Бельгиялық клубтың қазіргі талабы — 35 миллион еуроны тек "таза" сома ретінде қабылдау. Яғни, бонустарсыз. Алайда футболшының өз қалауына байланысты "Брюгге" аздаған жеңілдікке баруы мүмкін.
"Яшари "Брюггеге" өзінің шешімін жеткізді: ол "Миланға" өткісі келеді. Енді клубтан түсіністік күтеді", — деп мәлімдейді Gazzetta dello Sport.
"Милан" тек Яшаримен шектеліп жатқан жоқ. Клуб орталық алаңды күшейту үшін Самуэле Риччимен де белсенді келіссөз жүргізуде. Бірақ Яшари қазір басты трансферлік нысана саналады.