Адемола Лукман мен "Аталанта" арасындағы текетірес шарықтау шегіне жетті.
La Gazzetta dello Sport басылымының хабарлауынша, "Интер" Лукман үшін 45 миллион еуродан астам + бонустар ұсынуға дайын. Жалпы сома 50 млн еуроға жетуі мүмкін. Бұған дейін 42 + 3 млн еуро көлеміндегі алғашқы ұсыныс "Аталанта" тарапынан қабылданбаған болатын.
Бас бапкер Кристиан Киву бастаған "Интер" жаңа маусым қарсаңында шабуыл шебін күшейтуді көздеп отыр. Ал Лукман өткен маусымда керемет нәтиже көрсеткен: 40 матч, 20 гол, 6 нәтижелі пас. Лукманның шабуыл шебіндегі әмбебаптығы мен гол соғу әлеуеті дәл осы мақсатқа сай келеді.
Лукманның трансферлік құны жоғары — клуб оны жоғалтқысы келмейді. Бірақ футболшының жаттығуға келмей, ашық қарсылық танытуы клубтың ішкі тәртібіне нұқсан келтіріп жатыр.
Лукман жаттығуларға келмей қойған соң, клуб оны тәртіптік жазаға тартуы мүмкін. Спорттық құқық бойынша танымал заңгер Эдуардо Кьяккио бұл жағдайды былай сипаттады:
"Футболшы келісімшарттық міндеттемелерін орындамаса, клуб оның жалақысын 60%-ға дейін қысқартуға, тіпті ерекше жағдайда 100%-ға дейін азайтуға құқылы. Егер жағдай қайталанса, арбитраждық кеңес арқылы келісімшартты бұзу да қарастырылуы мүмкін", — деді Кьяккио La Gazzetta dello Sport газетіне берген сұхбатында.
Егер трансфер терезесі жабылғанша ойыншы командада қалса және сот процесі басталмаса, "Аталанта" Лукманды негізгі құрамнан шеттетіп, жеке жаттығу режиміне көшіруі мүмкін. Бұл кезде клуб оған барлық жаттығу құралдарын қамтамасыз етуге міндетті, бірақ бірінші командамен бірге жұмыс істеу құқығы болмайды.
"Кейде клубтар ойыншыны шеттетіп, ал футболшы оларды қайта құрамға қосуды талап етіп, сотқа жүгінеді. Мұндай жағдайлар В және С серияларында жиі, А сериясында сирек кездеседі", — деп қосты заңгер.
Лукман өз әрекетін медициналық анықтамамен түсіндірсе, клуб бірден тәуелсіз медициналық тексеріс ұйымдастыра алады. Бұл — Италияның еңбек заңнамасына сәйкес келетін заңды рәсім.
Адемола Лукманның" Аталантадан" кетуге деген ұмтылысы ашық қарсылыққа ұласса, "Интер" оның трансферін жүзеге асыруға бар күшін салып жатыр.