
"Барселона" ФК "Камп Ноу" стадионына қайта оралуын жоспарлағанымен бұл қадам тағы да кейінге шегерілді.
Испаниялық Sport басылымының хабарлауынша, клуб әлі күнге дейін аренаны пайдалануға ресми лицензия ала алған жоқ. Соның салдарынан дәстүрлі Жоан Гампер кубогі бұл маусымда атақты стадионда өтпейді.
Дегенмен құрылыс жұмыстарының қарқынына қатысты жақсы жаңалықтар да бар. Клуб өкілдерінің айтуынша, қыркүйек айының басында стадионның бір бөлігін пайдалану үшін қажетті рұқсатты алу жоспарланып отыр. Бұл рұқсат берілген жағдайда "Барса" Ла Лига аясындағы "Валенсиямен" болатын матчты өз алаңында қабылдай алады.
30-45 мың көрерменге арналған алғашқы кезеңдік ашылу көзделіп отыр.
Егер жоспарланған кесте сақталса, қазан айында стадиондағы көрермендер саны 60 мыңға дейін артуы мүмкін. Ал жаңартылған толық нұсқадағы "Камп Ноу" келер жылдың жазына қарай толық ашылады деп күтілуде.