"Астана" футболшысы сондай-ақ елордалық клубтың Конференциялар лигасында келесі кезеңге шығуы үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.
“Астана” ФК ойыншысы Ян Вороговский Чемпиондар лигасындағы жетістігі үшін “Қайратқа” жылы лебізін білдірді.
“Біз бәріміз олар үшін өте қуаныштымыз. Бұл — бүкіл қазақстандық футбол үшін үлкен плюс. Біз де келесі кезеңге шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз”, — деді ол.
Елордалық команда ертең, 14 тамызда Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің жауапты ойынында швейцариялық “Лозаннаға” қарсы алаңға шығады. Кездесу “Астана Арена” стадионында өтеді, ал тікелей эфир “Qazsport” телеарнасынан сағат 19:00-де ұсынылады.
Алғашқы ойын Швейцарияда өтіп, алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жеткен. “Астана” сапында жалғыз голды 90-минутта Иван Башич соққан. Қарсыластар қатарынан Джейми Роше (24’), Мамаду Кали Сене (43’) және Албан Айдини (72’) мергендігімен көзге түсті.
Егер “Астана” келесі кезеңге өтсе, плей-оффта “Бешікташ” (Түркия) пен “Сент-Патрикс Атлетик” (Ирландия) арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Бұған дейін елордалық клуб молдавиялық “Зимбруды” (3:1) жарыстан шығарған еді.