Испаниялық ару Айтана Бонмати қатарынан үшінші рет «Алтын доп» иегері атанып, тарих жазды.
«Барселона» әйелдер командасының жұлдызы Айтана Бонмати 2025 жылғы Ballon d’Or Féminin жүлдесін жеңіп алып, қатарынан үшінші мәрте «Алтын доптың» иегері атанды. Бұл жетістікке дейін футбол тарихында тек Мишель Платини (1983–1985) мен Лионель Месси (2009–2012) қол жеткізген болатын. Бұл туралы Aladop.kz хабарлады.
27 жастағы жартылай қорғаушы соңғы жылдары тек Испанияның ғана емес, әлемдік әйелдер футболының басты тұлғасына айналды.
Бонмати алдыңғы екі маусымда «Барселонаны» Требльге (чемпионат, Кубок және Чемпиондар лигасы) жетелеген болатын. 2024/25 маусымында каталондық клуб ішкі аренада үш бірдей трофейді иеленді. Дегенмен, Чемпиондар лигасының финалында «Арсеналға» (0:1) жол беріп, еуропалық тәжден айырылды.
Маусым бойы Бонмати жарақаттан кейін қатарға оралған Алексия Путельяспен бірге алаң ортасында ойынды басқарды. Екеуі де маусымды гол мен ассист бойынша қос таңбалы көрсеткішпен аяқтады.
Биылғы ЕУРО-2025 додасында Бонмати нағыз қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Турнирге дейін ол вирустық менингитпен ауруханада жатып, алайда бар болғаны бірнеше аптадан соң алаңға қайта оралды.
Жартылай финалда Германия қақпасына соққан айып добы Испанияны финалға алып шықты. Турнир соңында Айтанаға «Үздік ойыншы» атағы берілді.