25 жастағы форвардтың келісімі 2027 жылдың жазына дейін жарамды. Алайда тараптар жаңа келісім бойынша біраз уақыт ортақ шешімге келе алмай келеді.
Мадридтік «Реалдың» басты жұлдыздарының бірі Винисиус Жуниор Еуропаның топ клубтарының назарында. Оның ішінде Дастан Сәтпаевтың болашақ командасы саналатын «Челси» де бар.
Сейсенбі күні «Реал Мадрид» Ла Лигада «Левантені» 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұл ойында Винисиус алғашқы голдың авторы атанып, бір нәтижелі пас берді. Ең қызығы — голдан кейінгі қуаныш сәтінде ол клубтың эмблемасын сүйіп, «Реалға» деген адалдығын көрсетті. Бұл қимыл көп жанкүйердің оның әлі де Мадридте қалатынына сенімін арттырды.
25 жастағы форвардтың келісімі 2027 жылдың жазына дейін жарамды. Алайда тараптар жаңа келісім бойынша ортақ шешімге келе алмай отыр. «Реал» жалақы ретінде жылына 20 миллион еуро ұсынса, Винисиустың агенттері 30 миллион еуро талап етуде. Дей тұрғанмен, бразилиялықтың «Корольдік клубтан» кетуі әлі нақты емес.
Егер келісімге қол қойылмаса, клуб жұлдыз ойыншыны келесі жазда сатуды қарастыруы мүмкін. Бұл жағдайда футболшыға Премьер-лига гранттары таласатыны анық. Мәселен, «Манчестер Сити» мен «Челси» Винисиусты өз қатарында көргісі келеді.
Айта кетейік, 2024 жылғы «Алтын доп» рейтингінде Винисиус Жуниор екінші орын алған еді. Бұл оның қазіргі таңда әлем футболының ең жарқын жұлдыздарының бірі екенін дәлелдейді.