Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсұфинов Лихтенштейнге қарсы өтетін іріктеу матчы алдындағы баспасөз конференциясында құрамға жаңадан қосылған ойыншы Дінмұхамед Қашкен жайлы пікір білдірді.
Байсұфинов Қашкеннің шақырылуына байланысты туындаған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді:
«Біздің уақытта кеңейтілген және резервтік тізім болатын. Жаттығулар басталғанда Сергей Малый мен Ұлар Жақсыбаев жарақат алды. Сол себепті бізге орталық қорғаушы, нақтырақ айтқанда оң аяқты қорғаушы қажет болды. ҚФФ құрамында селекциялық бөлім бар, олар үлкен жұмыс атқарып отыр — қазақстандық төлқұжаты бар барлық ойыншылардың деректер базасы жасалған. Сол тізім бойынша бізге Дінмұхамед Қашкеннің кандидатурасы ұсынылды және ол барлық талапқа сай келді», — деді бапкер.
Сондай-ақ Талғат Байсұфинов Қашкеннің шақырылуы төңірегіндегі қоғамдық сын мен пікірталастарға да тоқталды:
«Шынымды айтсам ұлттық құрама — бұл бір отбасы. Иә, Қашкеннің шақырылуы туралы түрлі пікір айтылып жатыр. Бірақ оған мән берудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайлар футболда жиі кездеседі. Бастысы — бірлікті сақтау және алдағы матчқа дайын болу. Біздің мақсатымыз — жеңіс. Керісінше, бұл жағдай жас қазақстандық ойыншылар үшін жақсы үлгі. Барлығы білуі керек: құрама есігі ашық. Барлығы сенің еңбегіңе және дайындық деңгейіңе байланысты», — деді Байсұфинов.