Лихтенштейн құрамасының бас бапкері Конрад Фюнфштюк алдағы Қазақстанға қарсы ойынды алдында баспасөз конференция өткізіп, матчқа дайындық пен команданың деңгейі туралы пікір білдірді.
Бапкер алдымен Астанаға келген сапары мен қарсыластың қабылдауына тоқталды:
«Бізді жылы қарсы алғандарыңызға рақмет. Қазақстан — достық пен қонақжай ел. Әрине, мұндай ұзақ ұшу біз үшін үйреншікті емес, бірақ команда бұл сынақтан жақсы өтеді деп ойлаймын», — деді Конрад Фюнфштюк.
Фюнфштюк өз командасының мүмкіндігі шектеулі екенін жасырған жоқ. Ол Қазақстанмен салыстырғанда Лихтенштейн футболының деңгейі мен жағдайының өзгеше екенін атап өтті:
«Қазақстан мен Лихтенштейнді салыстыру дұрыс емес. Біздің елде небәрі 30 мың адам тұрады. Командада бар болғаны 5 кәсіби ойыншы бар, ал қалғандары басқа салада жұмыс істейді. Олар мұнда келу үшін тіпті жұмыстан демалыс алады. Бірақ соған қарамастан, біз бар күшімізді саламыз», — деді ол.
Фюнфштюк қарсыласына құрмет білдіре отырып, өз ойыншыларын жігерлендірді:
«Қазақстан — үлкен футбол елі. Мұнда кәсіби, жоғары деңгейлі ойыншылар бар. Біз бұған дейін Бельгия, Солтүстік Македония және Уэльспен жақсы ойындар өткіздік. Сондықтан мүмкіндігіміз шектеулі болса да, өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз. Қазақстан үйде ойнайды, олар фаворит. Ал біз үшін басты мақсат — берілмеу және өзімізге сену», — деді бапкер.
Журналистердің «сіздердің командада балықшылар мен пошташылар ойнайды» деген әзіл сұрағына Фюнфштюк күлімдеп жауап берді:
«Иә, кейбір жігіттер расымен басқа мамандық иелері. Бірақ олардың бәрі ел намысы үшін ойнайды. Біз өз мүмкіндігімізді білеміз. Егер Қазақстанмен 0:0 есебімен тең түссек — бұл біз үшін үлкен жетістік болады», — деді ол.
Қазақстан — Лихтенштейн кездесуі 10 қазан күні «Астана Аренада», Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.