Сауд Арабиясының «Әл-Хилал» клубы «Реал Мадрид» жұлдызы Винисиус Жуниорды командаға алу үшін 300 миллион еуродан астам ақша төлеуге дайын. Егер келісім жүзеге асса, ол футбол тарихындағы ең қымбат ойыншы атанбақ.
Футбол әлемі жаңа трансферлік дүмпуге дайын болуы керек. MSN мәліметінше, Сауд Арабиясының «Әл-Хилал» клубы «Реал Мадрид» шабуылшысы Винисиус Жуниорды рекордтық сомаға сатып алуға дайын.
Клуб басшылығы 300 миллион еуродан жоғары ұсыныс дайындап жатқан көрінеді. Бұл сома 2017 жылы Неймардың «Барселона» клубынан «Пари Сен-Жерменге» 222 миллион еуроға ауысқан әлемдік рекордын басып озуы мүмкін.
Келісім жүзеге асса, Винисиус тек әлем тарихындағы ең қымбат футболшы ғана емес, сонымен бірге жылына 100 миллион еуро табыс табатын ең жоғары жалақы алатын спортшыға айналады.
Мадридтік клуб әзірге бұған салқынқанды қарап отыр. Дереккөздерге сүйенсек, клуб президенті Флорентино Перес Винисиусты сатуға ниетті емес.
25 жастағы бразилиялық ойыншы қазірдің өзінде «Реалдың» жаңа дәуірінің басты символдарының бірі саналады. Ол командамен бірге Чемпиондар лигасында және Ла Лигада тұрақты түрде нәтижелі ойнап келеді.
Дегенмен, 350 миллион еуро көлеміндегі ұсыныс пен жылына 100 миллион берілетін жалақы — кез келген клуб үшін ауыр сынақ болары сөзсіз. Саудиялық лига соңғы жылдары әлемдік жұлдыздарды тартуда ерекше белсенділік танытып келеді. Егер Винисиус ұсынысты қабылдаса, бұл футбол индустриясын түбегейлі өзгертуі мүмкін.