
АҚШ клубы «Интер Майами» бразилиялық Неймарды командаға шақыруды жоспарлап отыр.
Футбол әлемі тағы да керемет трионың қайта оралуын талқылап жатыр. Daily Mail мәліметінше, «Интер Майами» клубы қазіргі таңда «Сантос» сапында өнер көрсетіп жүрген Неймарды командаға қосу мүмкіндігін қарастыруда.
Әңгіме әлі ресми деңгейге жетпегенімен, футболшының өкілдері АҚШ-қа көшу Неймар үшін тиімді қадам болуы мүмкін екенін айтады. Әсіресе, 2026 жылы әлем чемпионаты АҚШ-та өтетінін ескерсек, бұл шешім маркетингтік тұрғыдан да, спорттық жағынан да ұтымды болмақ.
Қазіргі уақытта «Интер Майами» Лионель Месси мен Луис Суареске жаңа келісімшарт ұсынуға дайындалып жатыр. Екі жұлдыз да 38 жаста, бірақ командадағы беделі мен тәжірибесі зор. Ал Неймар қосылса, бұл трио бір кездері «Барселонаны» дүр сілкіндірген М-S-N шабуыл желісін қайта тірілтпек.
Неймар, Месси және Суарес 2014–2017 жылдары «Барселона» сапында ойнаған. Үштіктің футбол алаңында көрсеткен нәтижесі таңғаларлық еді: 364 гол және 173 голдық пас. Сол жылдары каталондық клуб Чемпиондар лигасын, Испания чемпионатын және Кубогын қатар ұтқан болатын.