Еурокубокке қатысатын клуб Чесноков пен Кенжебекке қызығушылық танытты
Семейдің "Елимай" футбол клубы еурокубок қарсаңында құрамды күшейтуге кірісті.
“Елімай” еурокубокқа тыңғылықты дайындалуда
Белгілі журналист Ермұхамед Мәуленнің мәліметінше, семейлік ұжым алдағы халықаралық додалар алдында жоғары деңгейдегі трансфер жасауды жоспарлап отыр. Негізгі нұсқалардың қатарында Шотландияның “Хартс” клубында өнер көрсететін Ислам Чесноков пен Ресейдің “Ахмат” командасының ойыншысы Ғалымжан Кенжебек бар.
Журналистің айтуынша, “Елімай” бұған дейін де талантты ойыншыларды өсіріп, жоғары деңгейге шығарған. Мысалы, Годи дәл осы клубтан Ресей Премьер-лигасына ауысқан.
Чесноков пен Кенжебектің қазіргі жағдайы
Ислам Чесноков 2026 жылдың 6 қаңтарында “Тобылдан” шотландиялық “Хартс” клубына ауысты. Қазір ол жаңа командасында 8 матчқа қатысып, 1 гол соққан.
Ал Ғалымжан Кенжебек 10 қаңтарда ресейлік “Ахмат” сапына қосылды. Қазақстан құрамасының 23 жастағы вингері әзірге небәрі 3 ойында алаңға шыққан.
“Елімай” Қазақстан Премьер-лигасының бес турынан кейін 11 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орында келеді.