Мәжіліс депутаты қазақ футболындағы жемқорлықпен күресуге үндеді

Сарапшы, спорт журналисі

Оның сөзінше, бұл мәселе тек футболмен шектелмей жалпы спорт жүйесіне кері әсерін тигізеді.

Мәжіліс депутаты қазақ футболындағы жемқорлықпен күресуге үндеді
Sports.kz

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов отандық футболдағы жемқорлық пен келісілген матчтар мәселесіне қатысты пікір білдіріп, бұл құбылыспен жүйелі түрде күресу қажеттігін айтты.

Депутаттың айтуынша, XXI ғасырда мұндай келеңсіз жағдайлардың сақталуы қоғам үшін үлкен проблема.

"Мұндай ұят құбылыстардың әлі күнге дейін жалғасуы қынжылтады. Жанкүйерлер әділ ойын көргісі келеді. Ал келісілген матчтар сенімсіздік тудырып, әділдікке күмән келтіреді", – деді Магеррамов "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, бұл мәселе тек футболмен шектелмей, жалпы спорт жүйесіне кері әсерін тигізеді.

Мәжіліс депутаты жемқорлықпен күресте мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің бірлесіп әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.

"Бұл – кешенді мәселе. Сондықтан қоғам белсенділері мен мемлекеттік құрылымдар бірігіп жұмыс істеуі керек", – деді ол.

Жекешелендіру – жаңа мүмкіндік

Магеррам Магеррамов футбол клубтарын жекешелендіру процесі жемқорлықты азайтуға ықпал етуі мүмкін екенін айтты.

"Клубтар жеке меншікке өткенде, инвесторлар қаржысының қайтарымын ойлайды. Ал келісілген матчтар олардың мүддесіне қайшы келеді", – деп түсіндірді депутат.

Қазақстандағы жекешелендіру процесі

Еске сала кетейік, Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған. 2026 жылдың сәуір айындағы мәліметке сәйкес, елдегі 11 клуб жеке инвесторлардың қарамағына өткен.