Түркия құрамасы АҚШ-ты жеңіп, әлем чемпионатын жеңіспен аяқтады
Әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы ойында Түркия құрамасы АҚШ-ты 3:2 есебімен жеңді. Алайда бұл жеңіс құрамаға плей-офф жолдамасын алып бере алмады.
АҚШ-тың Инглвуд қаласында өткен D тобының соңғы турында Түркия құрамасы алаң иелерінен басым түсті. Құрама сапынан Арда Гүлер 10-минутта, Барыш Йылмаз 31-минутта және Каан Айхан қосымша уақыттың сегізінші минутында гол соқты. АҚШ құрамасынан Остин Трасти матчтың 3-минутында есеп ашса, Себастьян Берхалтер 49-минутта есеп теңестірді. Кездесу нәтижесі бойынша Арда Гүлер матчтың үздік ойыншысы атанды.
Аталған матч турнирлік тұрғыдан екі команда үшін де шешуші ойын болған жоқ. АҚШ құрамасы бұған дейін Парагвайды (4:1) және Аустралияны (2:0) жеңіп, мерзімінен бұрын топ жеңімпазы атанған еді. Ал Түркия алғашқы екі турда Аустралиядан (0:2) және Парагвайдан (0:1) жеңіліп, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылған болатын.
Осы топтағы параллель өткен кездесуде Аустралия мен Парагвай 1:1 есебімен тең түсті. Екі команда да төрт ұпай жинағанымен, доп айырмасы бойынша Аустралия екінші орынға көтеріліп, 1/16 финалға жолдама алды. Осылайша Түркия құрамасы 3 ұпаймен топта төртінші орынға тұрақтады.