"Қазақ футболына көк тиын пайдасы жоқ": Ермұхамед Мәулен Бабаянның еурокубокке баруын сынға алды

Бокс шолушысы
Бүгін, 19:30

Matchday подкастында ол елордалық клубтың еурокубокке қатысу мәселесін сынға алып, демеуші мәселесіне қатысты қиындықтардың барын түсінбейтінін айтты. 

1bol.kz

Танымал спорт журналисі Ермұхамед Мәулен "Астана" футбол клубының қазіргі жағдайы мен бас бапкер Григорий Бабаянның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Matchday подкастында ол елордалық клубтың еурокубокке қатысу мәселесін сынға алып, демеуші мәселесіне қатысты қиындықтардың барын түсінбейтінін айтты.

Журналистің айтуынша, көп жылдық тарихы бар, еурокубокте Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген клуб мұндай мәселені алдын ала шешуі керек.

"Григорий Бабаян демеуші жоқ, еурокубокке қатыспауымыз мүмкін деп мәселе көтерген. Сонда демеушіні біреу тауып беру керек пе? Не ол? Не міндет бұл? Мен түсінбедім. Өзің іздеп таппайсың ба? Өзің еурокубокке қатысады екенсің ғой", — деді Ермұхамед Мәулен.

Оның пікірінше, клубтың қаржылық және ұйымдастыру мәселесіне сырттағы адамдар емес, тікелей клуб басшылығы жауап беруі тиіс. Мәулен бұл жерде бұрын ойнап кеткен футболшыларды немесе жанкүйерлерді кінәлаудың қисыны жоқ екенін атап өтті.

"Кім кінәлі оған? Ешкім. Клубтың басшысы бар емес пе? Мысалға, Алтай Дауылов бар, Саян Хамитжанов бар, басқа да адамдар бар. "Самұрық-Қазына", Министрлік, "Спорт қоры" деген ұйымдар бар. Еурокубокке қатысуға көп ақша керек жоқ қой", — деді ол.

Журналист "Астананың" демеуші таппай отырғанын айтып, еурокубокке қатыспау ықтималдығын көтеруі кәсіби клубқа жараспайтынын жеткізді. Ол қазіргі уақытта Қазақстан футболында клубтарды бизнеске беру мәселесі жиі айтылып жүргенін де еске салды.

"Бәрі мемлекеткн сеніп алған. Біз қазір қандай заманда өмір сүріп жатырмыз? Клубтарды бизнеске беріңдер деп айтты Тоқаев мырза. Қаншама клуб қазір инвесторлардың қолында. Бірақ "Астана" тұрады да: біздің ақшамыз жоқ, бізде демеуші жоқ, біз еурокубокке қатыспаймыз дейді. Қатыспаңдар онда, жабылыңдар", — деді Мәулен.

Сондай-ақ ол Григорий Бабаянның бапкерлігіне де сын айтты. Мәуленнің сөзінше, қазіргі жағдайда "Астананың" еурокубокке баруы қазақ футболына айтарлықтай пайда әкелмейді.

"Григорий Константинович Бабаян, бармай-ақ қойыңыз. Сіздің бапкерлігіңізбен еурокубокке барып ұятқа қалғаннан қазақ футболына көк тиын да пайдасы жоқ, — деді спорт журналисі.

Айта кетейік, "Астана" футбол клубы соңғы жылдары Қазақстан атынан еурокубоктерде тұрақты өнер көрсетіп жүрген командалардың бірі саналады.

Реклама
Реклама