"Ертіс" тізгінін жаңа маман ұстады

Футбол шолушысы
01.07.2026, 23:45

Павлодардың "Ертіс" футбол клубында бапкерлік өзгеріс болды.

qfl.kz

Жаңа бас бапкер таныстырылды

"Ертіс" отандық футболдағы белгілі маман Марат Еслямовтың бас бапкер қызметіне келгенін ресми түрде хабарлады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді.

48 жастағы қазақстандық бапкер енді ҚПЛ турнир кестесінің төменгі бөлігінде тұрған павлодарлық команданы тығырықтан шығаруға күш салады.

Марат Еслямов ойыншы ретінде Қазақстанның бірнеше клубында өнер көрсеткен. Бапкерлік қызметінде де түрлі деңгейде тәжірибе жинаған. Қазақстандық клубтарда, жасөспірімдер және жастар құрамаларында жұмыс істеді. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының бапкерлер штабына кірген.

Иван Азовский көмекші бапкер болды

"Ертіс" бапкерлер штабындағы тағы бір тағайындауды да жариялады. Бас бапкердің көмекшісі қызметіне Иван Азовский бекітілді.

Азовский де қазақстандық футболда тәжірибесі мол маман саналады. Әр жылдары отандық клубтарда еңбек етіп, Қазақстан құрамасының бапкерлер штабында да жұмыс істеген.

Марат Еслямовтың бапкерлік мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі — "Ақсу" клубындағы жұмысы. Ол бұл командамен 2021 жылы Бірінші лиганы жеңіп алды. 

Кейін маман "Қайсарды" жаттықтырып, қызылордалық клубпен Бірінші лигада күміс жүлде иеленді және команданы Премьер-лигаға алып шықты.

Еслямов 2023–2024 жылдары "Ұлытау" ФК бас бапкері қызметін атқарды.

Айта кетейік, "Ертістің" бас бапкері қызметінен Нұрбол Жұмасқалиев кеткені белгілі болды. Ол павлодарлық команданы 12 матчта басқарды.

Реклама
Реклама