"Әл-Насрдың" экс-бапкері Португалия құрамасының тізгінін ұстады
Португалия футбол федерациясы ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін ресми түрде таныстырды.
Жаңа дәуір басталды
Португалия футбол федерациясы Жорже Жезуштың ұлттық құрама тізгінін ұстағанын мәлімдеді. Бұл туралы ұйымның ресми Instagram парақшасында жарияланды.
Федерация жаңа бапкерге арналған хабарламасында:
"Бүгін жаңа жол басталады. Ұлттық құрамаға қош келдіңіз, мистер Жорже Жезуш!" — деп жазды.
Осылайша Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін жаңа кезеңге қадам басты.
Жорже Жезуш қандай жетістіктерге жетті?
Жорже Жезуш — Еуропа мен Оңтүстік Америка футболында өзін дәлелдеген танымал португалиялық маман. Ол "Бенфикамен" үш рет Португалия чемпионы атанып, екі мәрте Еуропа лигасының финалына шыққан.
Сонымен қатар Бразилияның "Фламенго" клубындағы табысты кезеңімен де есте қалды. Ол бір маусым ішінде командасымен Бразилия чемпионатын және Либертадорес кубогын жеңіп, клуб тарихында ең сәтті бапкерлердің бірі атанды.
Португалиялық маман Сауд Арабиясында да жемісті еңбек етті. "Әл-Хиляльді" жаттықтырып, кейін Криштиану Роналду өнер көрсеткен "Әл-Насрды" чемпиондыққа бастап барды.