Қазақстан құрамасын баптауға Еуропада чемпион болған неміс маманы ұсынылды
Германиялық маман Роджер Шмидт футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне үміткерлер тізіміне енді.
ҚФФ Роджер Шмидтпен байланыс орнатқан
Ермұхамед Мәуленнің хабарлауынша, Қазақстан футбол федерациясы мен 57 жастағы маман арасында байланыс бар. Қазір ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін іздеу жұмыстарымен айналысып жатыр.
Журналистің мәліметінше, федерация жеті бапкерден тұратын қысқа тізім жасаған. Алдағы уақытта үміткерлер саны қысқарып, Қазақстан құрамасын кім басқаратыны белгілі болады.
“Бенфикамен” Португалия чемпионы атанған Роджер Шмидт Қазақстан құрамасының бас бапкері болуы мүмкін. Неміс маманы мен ҚФФ арасында келіссөздер жүріп жатыр”, – деп жазды Ермұхамед Мәулен Telegram арнасында.
Роджер Шмидт қандай клубтарды жаттықтырды?
Роджер Шмидт бапкерлік мансабында Еуропа мен Азияның бірнеше танымал командасында жұмыс істеген. Ол әр жылдары:
- “Ред Булл Зальцбург”;
- “Байер 04”;
- “Бейжің Гоань”;
- ПСВ;
- “Бенфика” клубтарын жаттықтырды.
Неміс маманының соңғы жұмыс орны Португалияның “Бенфика” клубы болды. Ол 2024 жылдың тамызында қызметінен кеткен.
Бапкерлік жетістіктері
Шмидт жаттықтырушы ретінде бірнеше елде жүлде жеңіп алды. 2014 жылы “Ред Булл Зальцбургпен” бірге Австрия чемпионаты мен ел кубогын иеленді. 2018 жылы “Бейжің Гоаньды” Қытай кубогында жеңіске жеткізді. ПСВ сапында 2021 жылы Нидерланд Суперкубогын, ал 2022 жылы ел кубогын жеңіп алды.
“Бенфикамен” бірге 2023 жылы Португалия чемпионы атанып, сол жылы ел Суперкубогын иеленді. Бұдан бөлек, лиссабондық команданы Чемпиондар лигасының ширек финалына шығарды.