"Реал" УЕФА-дан "Барселонаны" жүлделерінен айыруды талап етті

Спорт шолушысы
Бүгін, 00:30

Мадридтік "Реал" клубы УЕФА-ға ресми түрде жүгініп, "Барселонаның" Хосе Мария Энрикес Негрейра қызмет атқарған кезеңде жеңіп алған барлық титулдарынан айыруды сұрады.

Getty Images

AS басылымының мәліметінше, мадридтік клуб каталониялық команданың 2001-2018 жылдар аралығында иеленген барлық жүлделерін қайта қарауды талап етіп отыр. Осы уақыт ішінде “Барселона” 30-дан астам титул, оның ішінде Испания чемпионы атағын тоғыз рет және Чемпиондар лигасын төрт мәрте жеңіп алған.

Негрейра ісі 

2023 жылы “Барселонаға” бұрынғы төрешілер комитетінің вице-президенті Хосе Мария Энрикес Негрейраға қатысты төлемдер бойынша айып тағылған болатын. Тергеу нұсқасына сәйкес, клуб 2001-2018 жылдар аралығында Негрейрамен байланысы бар компанияларға 7,5 миллион еуро аударған. Тергеу бұл төлемдерді испан футболындағы төрешілер жүйесіне ықпал ету әрекеті ретінде қарастырды.

Ал “Барселона” аталған қаражаттың консультациялық қызметтер мен төрешілер жұмысына қатысты талдамалық есептер үшін төленгенін айтып, барлық айыптарды жоққа шығарып келеді.

Іс әлі аяқталған жоқ

Негрейраға қатысты іс әлі де сотта қаралып жатыр. Соған қарамастан, “Реал Мадрид” бұл жағдайға байланысты УЕФА-дан “Барселонаның” аталған кезеңде жеңіп алған барлық халықаралық және ішкі жарыстардағы жетістіктеріне құқықтық баға беруді талап етуде.

Реклама
Реклама