Абат Айымбетов Қазақстанға оралады
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов әлеуметтік желідегі жұмбақ жазбасымен жанкүйерлердің назарын аударды.
Әлеуметтік желіде ишара жасады
30 жастағы шабуылшы Instagram парақшасына жаңа сурет жариялап, жазбаға ұшақ, құмсағат және жүрек бейнеленген эмодзилерді тіркеді.
Жанкүйерлер футболшының бұл әрекетін алдағы трансферге жасалған ишара ретінде қабылдады. Ұшақ белгісі сапарға шығуды, құмсағат ресми хабарландыруды күтуді білдіруі мүмкін. Ал жүрек эмодзиі Айымбетовтың өзі түлеп ұшқан клубқа қайта оралуы ықтимал екенін меңзейді.
Шабуылшы "Ақтөбеге" қайта келуі мүмкін
Бұған дейін спорт инсайдері Елдар Аманбаев Абат Айымбетовтың "Ақтөбе" клубына ауысуға жақын екенін хабарлаған еді.
"Ақтөбе" – қазақстандық шабуылшы үшін туған клуб саналады. Айымбетов Ақтөбе футбол мектебінің тәрбиеленушісі және 2013–2020 жылдар аралығында команданың негізгі құрамында өнер көрсетті.
Осы кезеңде форвард Қазақстан чемпионатында тәжірибе жинап, ұлттық құрамаға дейін көтерілді.
Айымбетов еркін агент атанды
Абат Айымбетов 1 шілдеден бастап еркін агент мәртебесіне ие болды. Ол бұған дейін Румынияның "Петролул" клубында ойнаған.
Қазақстандық футболшы Плоешти қаласының командасы сапында тоғыз матч өткізіп, бір гол соқты. Енді шабуылшы мансабын Қазақстан Премьер-лигасында жалғастыруы мүмкін.
Әзірге Абат Айымбетовтың жаңа клубы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.