Өскеменде УЕФА талаптарына сай жаңа жабық стадион салынады
Жаңа нысанның құрамына УЕФА-ның үшінші санатына сәйкес келетін жабық футбол стадионы кіреді.
Жаңа стадион неше көрерменге арналады?
Жоспар бойынша кешен үш қабатты ғимараттан тұрады. Футбол аренасының негізгі сыйымдылығы 5 мың тұрақты орын болады.
Ал ірі спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде көрермендер саны 10 мың адамға дейін ұлғайтылмақ.
ШҚО әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Арайлым Кенжеғұлованың айтуынша, жаңа арена УЕФА-ның үшінші санат талаптарына және әлемдік стандарттарға толық сәйкес келеді.
Спорт кешенінде қандай нысандар болады?
Көпфункционалды кешен аумағында:
- жабық футбол стадионы;
- мұз айдыны;
- әмбебап спорт алаңы;
- воркаут аймағы;
- балалар алаңқайы;
- спорттық ангар қарастырылған.
Осылайша нысан тек футбол матчтарын өткізуге емес, әртүрлі спорт түрлері мен ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс қашан басталады?
Қазір жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оң қорытындыны 2026 жылдың үшінші тоқсанында алу жоспарланған.
Егер республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінсе, спорт кешенінің құрылысы 2026 жылдың өзінде басталуы мүмкін.
Қазір Өскеменнің “Алтай” футбол клубы үй матчтарын “Восток” орталық стадионында өткізеді.
Аталған арена 1963 жылы пайдалануға берілген және шамамен 8 500 көрерменге арналған.