"Астана" мен "Елімай" еурокубокпен қоштасты
УЕФА Конференциялар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде елордалықтар албаниялық "Динамо Ситиге" қосымша уақытта ірі есеппен жол берсе, "Елімай" армениялық «Алашкерттен» пенальти сериясында жеңілді.
"Астана" 1:4 есебімен ұтылды
Елордалықтар матчты белсенді бастап, алғашқы минуттардан қарсылас қақпасына қысым жасады. Шабуылдардың бірінде албаниялық клубтың қорғаушылары айып алаңында Марин Томасовқа қарсы ереже бұзды. Пенальтиді Бауыржан Исламхан дәл орындап, есеп ашты.
Екінші таймның басында астаналық қорғаушы Кипрас Казуколовас қызыл қағаз алып, командасын он ойыншымен қалдырды. Көп ұзамай Бруно Дита пенальтиден есепті теңестірсе, Хекуран Бериша "Динамо Ситиді" алға шығарды.
Негізгі уақыт албаниялықтардың 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталып, екі матчтың қорытындысы бойынша теңдік орнады. Қосымша уақытта қонақтар тағы екі гол соғып, кездесуді 4:1 есебімен аяқтады.
Сырт алаңдағы алғашқы матчта "Астана" 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Бірақ екі ойынның қорытындысында албаниялық клуб 4:2 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
"Елімай" пенальти сериясында жеңілді
Семейлік "Елімай" Конференциялар лигасының алғашқы іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесуде армениялық "Алашкертті" қабылдады.
Кездесудің төртінші минутында Момо Туре семейлік команданың қорғаныстағы қателігін пайдаланып, "Алашкертті" алға шығарды. Дегенмен арада жеті минут өткенде Акмаль Бахтияров алыстан әдемі соққы жасап, допты қақпа маңдайшасының астына бағыттады.
Екінші таймда екі команда да жеңіс голын соғуға мүмкіндік алды, бірақ негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. Ереванда өткен алғашқы кездесуде де дәл осындай есеп тіркелгендіктенойын қосымша уақытқа ұласты.
Қосымша кезеңде Хрвое Илич пенальтиді сәтті орындап, "Елімайды" алға шығарды. Бірақ 121-минутта Даудо Тогола таразы басын қайта теңестірді.
Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Онда армениялық футболшылар 8:7 есебімен басым түсіп, турнирдің екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.