"Қайрат" Чемпиондар лигасындағы матч үшін Софияға келді (ВИДЕО)
Қазақстан чемпионы жергілікті "Левски" клубымен сынға түседі.
"Қайрат" Болгарияға келді
Алматылық клубы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчты Софияда өткізеді. Команданың баспасөз қызметі футболшылардың Болгарияға келгенін әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"София, ние сме тук!" — деп жазды клуб өкілдері болгар тілінде. Бұл сөз қазақша "София, біз осындамыз!" деген мағынаны білдіреді.
"Левски" мен "Қайрат" арасындағы алғашқы кездесу 4 тамызда "Георгий Аспарухов" стадионында өтеді.
Матчтың басталу уақыты — Қазақстан уақытымен 22:30.
Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шығу үшін командалар екі матчтың қорытындысы бойынша мықтыны анықтайды.
Түркістандағы қарымта матч
Қарымта ойын 11 тамызда Түркістанда өтеді.
Бастапқыда кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтуі керек болған. Бірақ аренада америкалық рэпер Канье Уэстің концерті жоспарлануына байланысты матч Түркістанға ауыстырылды.
"Түркістан Аренадағы" ойынға "Қайраттың" 800-ден астам жанкүйері барады. Оларды жеткізу үшін 20 автобус жолға шығады. Белсенді жанкүйерлер матч барысында алматылық команданы арнайы бөлінген сектордан қолдамақ.