ФИФА президенттігіне әйел ұсынылды
ФИФА-ның бұрынғы президенті Йозеф Блаттер ұйым басшылығына түбегейлі өзгеріс қажет деп есептейді.
ФИФА тарихындағы алғашқы әйел президент аталды
Йозеф Блаттердің пікірінше, ФИФА президенті қызметіне әйел адамның келетін уақыты жетті. Халықаралық футбол федерациясын ұйым құрылғаннан бері әйел басқарып көрген емес.
Блаттер бұл лауазымға 45 жастағы норвегиялық футбол функционері Лисе Клавенесстің кандидатурасын ұсынды.
"Клавенесс барынша құрметке лайық. Ол әрдайым нақты ұстаным танытып, көпшілік соңынан ерген жоқ. ФИФА-ны әйел адам басқаратын уақыт келді", – деп жазды Йозеф Блаттер.
Лисе Клавенесс кім?
Лисе Клавенесс – Норвегия футбол қауымдастығының қазіргі президенті және бұрынғы кәсіби футболшы.
Ол 1997 жылдан 2011 жылға дейін ойыншы ретінде өнер көрсетті. Норвегия әйелдер құрамасының сапында 73 матч өткізді.
Клавенесс 2022 жылы Норвегия футбол федерациясының президенті болып сайланды. Кейінгі жылдары халықаралық футболдағы бірқатар даулы мәселеге қатысты ашық пікір білдіріп, принципшіл басшы ретінде танылды.
Инфантино кетуі мүмкін
Бұған дейін The Times басылымы ФИФА-ның қазіргі президенті Джанни Инфантино әлемдік футбол қауымдастықтары басшыларының қысымына тап болғанын хабарлаған.
Ақпаратқа сәйкес, ұйым ішіндегі келіспеушіліктер күшейген жағдайда Инфантино қызметінен мерзімінен бұрын кетуі мүмкін.
Әзірге ФИФА президентінің ықтимал отставкасына қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
ФИФА басшысын сайлау 2027 жылғы 18 наурызда Марокко астанасы Рабатта өтеді.