Канье Уэсттен кейін не болды? "Қайрат" стадионға қатысты күтпеген шешім шығарды
Алматылық "Қайраттың" Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде бельгиялық "Андерлехтке" қарсы матчтың қай стадионда ұйымдастырылатыны белгілі болды.
Матч Орталық стадионда өтеді
УЕФА-ның ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша "Қайрат" пен "Андерлехт" арасындағы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінің кездесуі 20 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді.
Матч Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Осылайша Канье Уэсттың концертінен кейін алаңның жағдайына қатысты туындаған сұрақтарға қарамастан алматылық клуб еурокубоктағы маңызды ойынын өз стадионында өткізу мүмкіндігіне ие болды.
"Андерлехт" – Бельгияның ең атақты клубтарының бірі
"Қайраттың" келесі қарсыласы – Брюссельдің "Андерлехт" клубы. Бұл команда Бельгия чемпионатын 34 рет жеңіп алған және елдегі ең титулды клуб саналады. Дегенмен брюссельдіктер соңғы рет чемпиондық атақты 2016/17 маусымында иеленген.
"Андерлехт" өткен Бельгия чемпионатында төртінші орын алып, ел кубогының финалында жеңіліп қалды. Соның нәтижесінде команда Еуропа лигасындағы жорығын екінші іріктеу кезеңінен бастады.
Бельгиялық клуб алдымен Швецияның "Хаммарбю" командасынан басым түсті. Келесі кезеңде Грекияның ПАОК клубын екі матчта да жеңген.
Құрам бағасы жағынан "Андерлехт" басым
Transfermarkt дерегіне сүйенсек, бельгиялық команданың жалпы трансферлік құны шамамен 81,4 миллион еуроғв тең. Ал "Қайрат" футболшыларының жиынтық бағасы – 9,2 миллион еуро. Яғни "Андерлехттың" құрамы алматылық клубтан шамамен тоғыз есе қымбат.
Бұдан бөлек, бельгиялық команданың ең қымбат екі ойыншысының әрқайсысы 10 миллион еуроға бағаланады. Бұл көрсеткіштің өзі "Қайраттың" бүкіл құрамының нарықтық құнынан жоғары.
Канье Уэсттың концерті жоспарды өзгертті
Еске салайық, 15 тамызда Алматының Орталық стадионында америкалық рэпер Канье Уэсттың концерті өтті.
Бұған дейін "Қайрат" өкілдері концерт өткізу мәселесі клубпен алдын ала келісілмегенін мәлімдеген. Дәл сол кезеңде алматылық команда Чемпиондар лигасының іріктеуінде Болгарияның "Левски" клубына қарсы матчын өткізуі тиіс болған.
Бірақ кездесу Алматыдан Түркістанға ауыстырылды. Соның салдарынан "Қайрат" еурокубоктағы маңызды ойынды өз жанкүйерлерінің алдында өткізе алмады.
Екі матчтың қорытындысы бойынша алматылықтар 0:2 есебімен жеңіліп, Чемпиондар лигасындағы жарысын аяқтады.
Концерттен кейінгі Орталық стадионның халі
Канье Уэсттың концертінен соң әлеуметтік желілерде Орталық стадионнан түсірілген бейнежазбалар тарады.
Кейбір жанкүйерлер алаңның көгал жабынына алаңдаушылық білдіріп, концерттен кейін газонға зақым келген болуы мүмкін екенін жазды. Олар ұйымдастырушылар мен стадион басшылығын алаң жағдайына назар аударуға үндеді.
Сонымен қатар басқа қолданушылар Орталық стадионның көгалы концертке дейін де мінсіз жағдайда болмағанын атап өтті.
"Қайрат" еурокубоктың негізгі кезеңіне қатысады
Алматылық клуб үшін "Андерлехтке" қарсы матчтың маңызы жоғары болғанымен "Қайрат" еурокубок маусымын бұл кездесумен аяқтамайды.
Команда бельгиялық клубтан өте алмаған жағдайда да еуропалық турнирдегі жорығын жалғастырады. "Қайрат" бұған дейінгі нәтижелерінің арқасында кем дегенде Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне қатысу құқығын қамтамасыз еткен.