Марадона гол соққан доп бірнеше миллион долларға сатылды
Футболдан 1986 жылғы әлем чемпионатында Аргентина мен Англия арасындағы әйгілі матчта қолданылған тарихи доп аукционда 3,35 миллион долларға сатылды.
Марадонаның тарихи добы 10 млн долларға бағаланған
Adidas Azteca добы Heritage Auctions аукцион үйінде саудаға шығарылды. Ұйымдастырушылар жәдігердің құнын бастапқыда 10 миллион доллар деп бағалаған.
Лоттың алғашқы ұсыныс бағасы 2,5 миллион доллар болғанымен, қорытындысында доп жаңа иесіне 3,35 миллион долларға өтті.
"Құдайдың қолы" голы қалай соғылды?
Бұл доп 1986 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Аргентина мен Англия құрамалары кездескен кезде қолданылған.
Матч барысында Диего Марадона екі рет мергендік танытты. Оның алғашқы голы кейін футбол тарихына "Құдайдың қолы" деген атаумен енді.
Аргентиналық футболшы ағылшындық қақпашы Питер Шилтонмен допқа талас кезінде қолын пайдаланып, допты қақпаға бағыттаған.
Кездесуден кейін Марадона бұл эпизодты әзілмен сипаттап, голдың "бір бөлігі Марадонаның басымен, бір бөлігі Құдайдың қолымен" соғылғанын айтқан.
Екінші гол "ғасыр голы" атанды
Сол матчтағы Марадонаның екінші голы да әлем футболының тарихында ерекше орын алды.
Аргентиналық шабуылшы алаң ортасынан доппен алға жылжып, бірнеше футболшыны алдап кейін қақпашы Шилтоннан да айласын асырған.
Кейіннен FIFA бұл голды "ғасыр голы" деп атады.
Аргентина сол кездесуде Англияны 2:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған.
Төреші допты 30 жылдан астам сақтаған
Матч аяқталған соң тарихи допты кездесудің тунистік төрешісі Али Бин Нассер өзіне алып қалған.
Ол жәдігерді отыз жылдан астам уақыт сақтаған. 2023 жылы Бин Нассер доптың түпнұсқалығын растайтын арнайы құжатқа қол қойған. Сонымен қатар жәдігерді тәуелсіз сарапшылар да тексерген.
Жалпы бұл тарихи доп алғаш рет саудаға шығарылып отырған жоқ.
2022 жылы ол 2,37 миллион долларға сатылған. Ал 2023 жылы доп қайтадан аукционға шығарылғанымен ұсынылған баға сатушы тарапты қанағаттандырмай, мәміле жүзеге аспады.
Енді атақты жәдігердің жаңа бағасы 3,35 миллион доллар болып отыр.
Марадонаның жейдесі 9,28 млн долларға сатылған
1986 жылғы Аргентина — Англия матчында Диего Марадона киген футбол жейдесі де бұған дейін аукционда рекордтық бағаға өткен.
2022 жылы Sotheby's ұйымдастырған саудада әйгілі жейде 9,28 миллион долларға сатылды. Сол сәтте бұл көрсеткіш спорттық жейделер арасында әлемдік рекорд болған.