Жарнама
Жарнама
"Бізге қарсы сияқты": Ермұхамед Мәулен төрешіге күмән білдірді
AlaDop / YouTube

"Бізге қарсы сияқты": Ермұхамед Мәулен төрешіге күмән білдірді

Спорт журналисі Фарер аралдарындағы матчты Мальтадан келген төрешінің қалай жүргізгеніне 16-шы минутте-ақ күмәнмен қарағанын айтты.

Спорт журналисі әрі сарапшы Ермұхамед Мәулен Фарер аралдары – Қазақстан матчын Торсхавннан тікелей бақылап, кездесу төрешісінің жұмысына күмән білдірді. Бұл туралы ол "AlaDop" YouTube арнасындағы видеоблогында айтты.

"Әзірге менде сондай күмән бар"

Журналистің айтуынша, Қазақстан құрамасы матч басында шабуылдап ойнағанымен, 14-ші минутте қақпасынан гол өткізіп алған. Осыдан кейін ол алаңдағы төреліктің тепе-теңдігіне күмәнмен қарайтынын жасырмады.

"Мальтадан келген төреші бізге қарсы жұмыс істеп жатқан сияқты көрінеді. Әзірге менде сондай күмән бар", – деді Ермұхамед Мәулен.

Сарапшы мұндай ойға небәрі 16-шы минутте келгенін атап өтті. Көп ұзамай Қазақстан құрамасы бұрыштама добынан кейін есепті теңестірді – Темірлан Ерланов допты баспен қақпаға қадады.

Матч қалай аяқталды?

Кездесу нөсер жаңбыр мен қатты жел жағдайында өтті. Екінші таймда Ғалымжан Кенжебектің орнына Станислав Басманов, Әмір Бейсебековтің орнына Елхан Астанов алаңға шықты. Ермұхамед Мәулен Елхан Астановтың шыққанын құптап, соңғы минуттарға дейін команданы қолдап отырды.

Матч 1:1 есебімен аяқталды. Журналистің пікірінше, сырт алаңда алынған бір ұпай – Қазақстан құрамасы үшін жақсы нәтиже.

"Бізде Дастан Сәтбаев, Чесноков, Самородов секілді футболшылар болған жоқ, жарақат алып қалды. Одан бөлек, біздің ұшып келуіміздің өзі проблема болды. Сондықтан менің ойымша, бірде бір – тең нәтиже өте жақсы", – деді сарапшы.

Ермұхамед Мәулен матчты бақылауға Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ көрші елден жанкүйерлер келгенін де айтты. Оның сөзінше, құраманы қолдауға қырғыз жанкүйерлері де ат басын тіреген.

Қазақстан құрамасының келесі матчы Словакияға қарсы өтеді.

Жарнама
Жарнама