Белгілі спорт комментаторы шетелге көшу туралы шешім қабылдады.
Қазақстан футболының өткір сыншысы, ұлттық құраманың баспасөз хатшысы және танымал комментатор Ермұхамед Мәулен Қазақстаннан кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол FonTeam подкастында айтып берді. Оның айтуынша, бұл шешімге себеп — жоғары жақтан жасалған қысым.
"Иә, маған шынымен қоңырау шалды. Тек қоңырау емес, нақты ескерту де жасалды. Жасыратын ештеңе жоқ. Қоңыраулар жоғарғы кеңселерден келді. Ашық түрде тоқтау қажет екенін білдірді. Мен түсіндім. Екі аптадай үнсіз жүремін. Барлығы жақсы", — деді Мәулен.
Мәулен елдегі жағдайдың өзіне психологиялық тұрғыдан әсер еткенін айтып, жақын арада Еуропаға көшетінін мәлімдеді.
"Қазір мен үшін Қазақстанда қалудың, өмір сүрудің еш мәні қалмады. Шетелге көшу туралы шешім қабылдадым. Футбол маусымы аяқталғаннан кейін Еуропаға кетемін. YouTube арнамда бұл туралы толық мәлімдеме жасаймын. Егер нақты бір шешім, ұсыныс болып жатса, тағы ойланып көремін", — деді ол.
Мәуленнің айтуынша, тек қысым емес, қолдау да болған:
"Маған қоңырау шалып, қолдағандар да болды. Оларға зор алғыс айтамын".
Еске сала кетейік, Ермұхамед Мәулен бұған дейін де Қазақстан футболындағы кемшіліктерді ашық айтып келген. Ол ұлттық құраманың нәтижелерін жиі сынға алған. Бұл мәлімдемелері қоғамдық резонанс тудырған еді.
Мәуленнің Қазақстаннан кетуі отандық спорт журналистикасы үшін маңызды оқиға болғалы тұр. Оның аналитикалық стилі мен тікелей сыни көзқарасы көпшілікке ұнаса, кейбір тараптар үшін жайсыздау әсер қалдырғаны анық. Бұл жағдай елдегі спорттық пікір еркіндігінің аясын қайтадан ой елегінен өткізу қажеттігін көрсетіп отыр.