Қазақстан құрамасының волейболшысы Чехияның ең титулды клубына ауысты

Спорт шолушысы
02.07.2026, 19:02

Қазақстан әйелдер құрамасының шабуылшысы Жанна Сыроежкина мансабын Еуропада жалғастырады.

instagram.com/__zhanna__14/

Чехия чемпионатында ойнайды

Қазақстан әйелдер құрамасының шабуылшысы Жанна Сыроежкина жаңа маусымда Чехия біріншілігінде өнер көрсетеді. 27 жастағы волейболшы әйелдер арасындағы “Простеёв” клубының қатарына қосылды.

Бұл команда Чехия волейболындағы ең табысты ұжымдардың бірі саналады. “Простеёв” ел чемпионатында 16 мәрте топ жарған және бұл көрсеткіш бойынша рекордтық нәтижеге ие.

Сыроежкина соңғы екі маусымда Петропавлдың “Қуаныш” клубында ойнады. Қазақстандық команда құрамында ел чемпионатының қола және күміс жүлдегері атанды.

Бұған дейін волейболшы “Алматы”, “Алтай”, “Тұран” клубтарының намысын қорғаған. Сонымен қатар Түркияның “Михалчикспор” командасында да тәжірибе жинады.

2024 жылы “Тұран” сапында Қазақстан чемпионы атанған.

Қазақстан құрамасындағы тәжірибелі ойыншы

Жанна Сыроежкина 2018 жылдан бері Қазақстан құрамасының ойыншысы боп келеді. 

Айта кетейік, өткен маусымда Қазақстан құрамасының байланыстырушысы Наиля Нигматулина Албанияның “Тирана” клубында өнер көрсетіп, ел чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.

Ал Қазақстанның үздік волейболшыларының бірі Сана Анарқұлова 2024/2025 жылғы маусымда Сербияның “Уб” клубы сапында күміс медаль иеленді.

Реклама
Реклама