Бибісара Асаубаеваның сүйіктісі әлемнің үздігі жүлдесіне үміткер
Өзбекстандық жас гроссмейстер Жавохир Синдаров "Жылдың үздік шахматшысы" атағына үміткерлер қатарына енді.
Үздік шахматшылар шорт-листі жариялады
FIDE-нің ресми Instagram парақшасында ерлер арасындағы басты номинацияға үміткерлердің тізімі жарияланды.
Шорт-листке:
- Жавохир Синдаров – Өзбекстан;
- Магнус Карлсен – Норвегия;
- Фабиано Каруана – АҚШ;
- Нодирбек Абдусатторов – Өзбекстан;
сондай-ақ Үндістан, Франция, Нидерланд және Германияның бірқатар жетекші гроссмейстері енген.
Жеңімпаз Самарқандта анықталады
Үміткерлерді FIDE-нің арнайы комиссиясы соңғы екі жылдағы спорттық нәтижелер мен тұрақты өнер көрсету көрсеткіштерін ескере отырып таңдаған.
FIDE Excellence Awards марапаттау рәсімі биыл күзде Самарқандта 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы аясында өтеді. Сол жерде “Жылдың үздік шахматшысы” номинациясының жеңімпазы да жарияланады.
Синдаров 12 жасында гроссмейстер атанды
Жавохир Синдаров әлемдік шахматқа ерте жастан танылды. Ол 2018 жылы 12 жас, 10 ай және 8 күнінде гроссмейстер атағын алып, шахмат тарихындағы ең жас гроссмейстерлердің қатарына кірді. Кейін халықаралық деңгейде бірнеше ірі жетістікті бағындырды.
Синдаровтың мансабындағы басты табыстардың бірі – 2025 жылы Гоада өткен FIDE Әлем кубогындағы жеңіс. Ол бұл турнирде чемпион атанып, 19 жасында жарыс тарихындағы ең жас трофей иелерінің бірі ретінде ерекшеленді.
Бұдан бөлек, Синдаров 2022 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Өзбекстан құрамасымен бірге алтын медаль жеңіп алды.
Әлем чемпионы атағы үшін күресуге мүмкіндік алды
Биыл Кипрдегі Үміткерлер турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, шахмат әлеміндегі мәртебесін одан әрі арттырды. Бұл нәтижелер Синдаровтың FIDE әлемдік рейтингінде төртінші орынға дейін көтерілуіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар 20 жастағы гроссмейстер 2026 жылдың соңында Гукеш Доммараджумен әлем чемпионы атағы үшін ойнау құқығына ие болды.