Қазақстандық зілтеміршілер Азияны дүр сілкіндірді
Қазақстан құрамасы Ташкентте ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жалпыкомандалық медаль есебінде үздік үштікке кірді.
Жастар 25 медаль еншіледі
Азия біріншілігі 7-14 тамыз аралығында Ташкентте өтті. Жүлделер жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс қорытындысы бойынша есептелді.
Азия ауыр атлетика федерациясының (AWF) ресми хаттамасына сәйкес жастар арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы 9 алтын, 7 күміс және 9 қола медаль иемденді. Осылайша зілтеміршілер жалпы 25 жүлдеге қол созып, медаль кестесінде үшінші орынға тұрақтады.
Жастар арасындағы үздік үштік:
1. Иран – 15 алтын, 7 күміс, 5 қола (27 медаль);
2. Филиппин – 10 алтын, 3 күміс, 3 қола (16 медаль);
3. Қазақстан – 9 алтын, 7 күміс, 9 қола (25 медаль).
Төртінші орында 28 жүлде жинаған Өзбекстан тұр. Дегенмен медаль есебінде командалардың орны бірінші кезекте алтын жүлде саны бойынша анықталды.
Жасөспірімдер де үшінші орын алды
Юниорлар арасындағы бәсекеде де Қазақстан үздік үштіктен көрінді. Ұлттық құрама өкілдері 7 алтын, 9 күміс және 9 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 25 жүлдеге ие болды.
Бұл санаттағы көшбасшылар:
1. Иран – 13 алтын, 7 күміс, 9 қола (29 медаль);
2. Өзбекстан – 7 алтын, 10 күміс, 6 қола (23 медаль);
3. Қазақстан – 7 алтын, 9 күміс, 9 қола (25 медаль).
Қазақстан алтын жүлде саны бойынша Өзбекстанмен тең түскенімен күміс медаль саны жағынан жарыс қожайындарынан қалып қойды.
Қазақстан 16 халықаралық рекорд жаңартты
Жәнібек Кішкенбаевтың шәкәрттері Ташкенттегі турнирде медальдармен ғана шектелген жоқ. Жарыс барысында ауыр атлеттеріміз 11 Азия рекордын және 5 әлем рекордын жаңартты.
Сонымен қатар Қазақстанның қыздар құрамасы жастар арасындағы командалық бәсекеде үздік нәтиже көрсетсе, ұлдар командасы жасөспірімдер санатында көш бастады.
Қазақстан құрамасының тағы бір үлкен жетістігі – Снежана Кашкарованың жеке марапаты. Ол Азия чемпионатының қорытындысы бойынша турнирдің үздік ауыр атлеті деп танылды.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.