Жарнама
Жарнама

Қазақстандық синхроншылар әлем чемпионатында тарихи екінші "күмісті" жеңіп алды

Әртістік жүзуден жасөспірімдер құрамасы Будапешттегі әлем чемпионатында кезекті жүлде алды.

Қазақстандық синхроншылар әлем чемпионатында тарихи екінші "күмісті" жеңіп алды
Спортты дамыту дирекциясы

Екінші орын алды

Топтық акробатикалық бағдарламаның финалында Қазақстан құрамасы төрешілерден 203,0926 ұпай алды. Бұл нәтиже отандастарымызға жарыстың күміс жүлдесін жеңіп алуға мүмкіндік берді.

Аталған жетістік Қазақстанның әртістік жүзу тарихында ерекше маңызға ие. Бұған дейін ел құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында дәл осы бағдарлама бойынша жүлдеге қол жеткізбеген.

Бірінші орынды 232,2147 ұпай жинаған бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен спортшылар иеленді. Ал Беларусь құрамасы 200,9777 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп, қола медаль еншіледі.

Осылайша Қазақстан құрамасы жеңімпаздан 29,1221 ұпайға қалып, Беларусь командасын 2,1149 ұпайға басып озды.

Қоржында үш медаль бар

Бұл – Қазақстан құрамасының Будапешттегі әлем чемпионатында жеңіп алған үшінші жүлдесі.

Бұған дейін Виктор Друзин ерлер арасындағы техникалық соло бағдарламасында қола медаль иеленген еді.

Сондай-ақ Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова аралас дуэттердің еркін бағдарламасында күміс жүлдеге қол созып, Қазақстан тарихындағы осы санаттағы алғашқы әлем чемпионаты медалін жеңіп алды.

Жарнама
Жарнама