Қазақстандық шахматшы Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді
Мария Холявко Мумбаи қаласында 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Тоғыз турда жеңілген емес
Жасөспірімдер арасындағы құрлық біріншілігі 17-25 тамыз аралығында Мумбаиде өтті.
Классикалық шахматтан қыздар бәсекесінде Қазақстан намысын қорғаған 15 жастағы Мария Холявко тоғыз мүмкіндіктен 7 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық шахматшы жарысты жеңіліссіз аяқтады. Ол бес партияда жеңіске жеттіп, төрт кездесуде қарсыласымен тең түсті. Тоғыз турдың ешқайсысында жеңілген жоқ. Соңғы тоғызыншы турда түрікменстандық Лала Шохрадованы жеңіп, күміс жүлдені иеленді.
Чемпионы атағы үндістандыққа бұйырды
U20 Азия чемпионатында Үндістан намысын қорғаған Пратити Бордолои 7,5 ұпай жинап, бірінші орын алды. Ал тағы бір үндістандық шахматшы Ниведита В. С. 6,5 ұпаймен қола медальге ие болды.
Осылайша Мария Холявко жеңімпаздан небәрі 0,5 ұпайға қалып, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
Турнирге жеті елден 66 шахматшы қатысты
Классикалық шахмат жарысы швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрды.
Әр партияға 90 минут беріліп, әр жасалған жүрістен кейін ойыншының уақытына қосымша 30 секунд қосылды.
Қыздар арасындағы жарысқа жеті мемлекеттен 66 шахматшы қатысты: Қазақстан, Үндістан, Мальдив аралдары, Непал, Түрікменстан, Өзбекстан және Шри-Ланка.
Холявко 2026 жылы тағы бір халықаралық турнирде топ жарған
Мария Холявко — FIDE әйелдер шебері (WFM). Ол 2026 жылы Орталық және Солтүстік Азия чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетті. 20 жасқа дейінгі қыздар арасында классикалық шахмат пен блицтен чемпион атанды.
Аталған жарыс 1-8 шілде аралығында Қырғызстанның Корумду ауылында өтті.
Осы жетістігінің арқасында Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Мария Холявкоға WIM — әйелдер арасындағы халықаралық шебер атағын, сондай-ақ WGM — әйелдер гроссмейстері нормасын берді.
Сол турнирдегі жеңісінен кейін қазақстандық Иманғали Ахылбайға да IM — халықаралық шебер атағы және гроссмейстерлік норма берілген.