Бибісара Асаубаева қазақ тілін үйреніп жүргенін көрсетті (ВИДЕО)

Спорт шолушысы
02.07.2026, 21:40

Гроссмейстер бұл жолы мемлекеттік тілдегі білімін сандар арқылы көрсетіп, телефон нөмірін қазақша айтып беруге тырысты.

Instagram/@bibisarachess

Қазақша сандарды айтып көрді

Қазақстан құрамасының көшбасшысы, белгілі шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа видео жариялады. Онда спортшы өз телефон нөмірін қазақ тілінде айтуға тырысады.

Бірақ видео соңында ол "отыз" санының қазақша қалай айтылатынын бірден есіне түсіре алмағанын жасырмады. Шахматшы бұл сәтті әзілмен қабылдап, жазбасында өз жағдайын түсіндірді.

Шахматшы видеосына түсініктеме берді

Бибісара Асаубаева жариялаған жазбасында қазақ тілін үйрену барысында қателіктер болуы мүмкін екенін айтты.

"30 қалай айтылатынын сол күйі есіме түсіре алмадым. Мұнда менің телефон нөмірімді түсінуге тырыспаңыздар, бір цифрды әдейі шатастырып айттым. Ұйқы аз болғанда миымның нашар жұмыс істейтінін түсіндім", — деп жазды шахматшы.

Асаубаева қазақ тілін үйреніп жүр

Бұған дейін шахматшының қазақ тілінде жауап беруден бас тартқаны қоғамда қызу талқыланған. Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар оны патриотизмнің жоқтығы үшін сынаған. 

Кейін Бибісара Асаубаева бұл жағдайға қатысты өз ұстанымын түсіндірді. Оның айтуынша, орыс тілді отбасында өскен, бапкерлері де көбіне орыс тілінде сөйлеген. Сонымен қатар. әлемдік турнирлерге жиі қатысатын тығыз кесте мемлекеттік тілді толық меңгеруге уақыт жағынан қиындық тудырған.

Шахматшы Қазақстанға деген сүйіспеншілігін сөзбен емес, халықаралық жарыстарда ел туын көтеріп, алтын медаль жеңіп алумен дәлелдеп жүргенін атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі агрессивті сын мен хейт тіл үйренуге деген ынтаны азайтатынын да жеткізген.

Реклама
Реклама