"Мен дайын байлыққа келгенім жоқпын": Шавкат Рахмоновтың жұбайы ел шулатқан мәлімдеме жасады

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты әсерлі жазба жариялады.

"Мен дайын байлыққа келгенім жоқпын": Шавкат Рахмоновтың жұбайы ел шулатқан мәлімдеме жасады
instagram/@kerey_khan

Өмір туралы шындық

Гүлайым Рахмонованың айтуынша, ол ешқашан күйеуінің жетістіктерін пайдаланып, өзін өзгелерден жоғары санаған емес. Гүлайым бүгінде де қарапайым өмір салтын ұстанатынын атап өтті.

Олардың бастапқы арманы байлық немесе танымалдық емес, балалардың болашағына жағдай жасау болған.

"Мен ешқашан өзімді биік қойып, күйеуімнің жетістігін біреуге айтып мақтанғаным емес. Әлі күнге дейін қарапайым адамдар секілді өмір сүріп келеміз. Бастапқыдағы жалғыз арманымыз — балаларды дұрыс тәрбиелеп, жақсы білім беру және лайықты тәрбие көрсету еді", — деп жазды ол.

Сондай-ақ ол өз интуициясының ешқашан алдамағанын айтып, жақсы оқиғаның бір күні біреудің әсерімен аяқталатынын сезгенін жеткізді.

Ақшасы мен есімі үшін жүрмеген

Гүлайым өзін Шавкат Рахмоновтың атағы мен қаржысы үшін жанында болды деп ойлайтындарға жауап берді.

Оның айтуынша, 2022 жылы босанғаннан кейін жарты жыл бойы тәуліктік пәтерлерде тазалықшы болып істеген. Бұл қадамға отбасылық келіспеушіліктер мен моральдық қолдаудың болмауы себеп болғанын айтты.

"Күйеуімнің ақшасы болмаса мен ешкім емеспін деп ойлайтындарға айтарым — керісінше. 2022 жылы босанғаннан кейін жарты жыл бойы тәуліктік пәтерлерде тазалықшы болып жұмыс істедім. Сол кезде өзімді отбасыда уақытша ғана жүргендей сезіндім, моральдық қолдау да болмады. Мен бұл жұмысқа оның аты мен ақшасы үшін бірге емес екенімді дәлелдеу үшін бардым", — деді Глайым.

Ол сол уақытта отбасының жалдамалы пәтерде тұрғанын, пәтерақыны DarTeam төлегенін де атап өтті. Ал өзі тапқан ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсап, бір бөлігін денсаулығында мәселе болған анасына беріп отырған.

Дайын дүние жайлы

Гүлайым өзінің UFC файтерінің жұбайы ретінде көп сынақтан өткенін жеткізді. Оның сөзінше, дайын байлыққа келген жоқ, керісінше. бұл жолда еңбек пен сабыр көрсетті.

"Мүмкін, мен UFC файтерінің әйелдерінің ішінде көп нәрседен өткен жалғыз әйел шығармын. Мен дайын дүниеге келгенім жоқ. Керісінше, менімен бірге жақсылық келді. Болашақта менің сабырым, еңбегім және төзімім Алланың қалауымен бағаланады", — деп жазды.

Жазбасының соңында Гүлайым адам өміріндегі денсаулық пен байлықтың бағасы туралы ой қозғады.

"Біреу денсаулығын қайтару үшін миллиондарын береді, ал біреу миллион табу үшін денсаулығын береді", — деді ол.

Рахмоновтар отбасындағы жағдай әлі де белгісіз

Шавкат Рахмонов пен Гүлайымның отбасындағы жағдай қоғам назарында қалып отыр. Бұған дейін Гүлайым наурыз айында көпшілік алдында ажырасу туралы мәлімдеп, Шавкатты балалардың тәрбиесіне жеткілікті деңгейде араласпайды деп айыптаған. 

Ол кезде ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отырған, ал Гүлайым бесінші сәбиіне аяғы ауыр болған.

Отбасылық жанжалмен қатар, 2025 жылдың шілдесінде болған адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі де аяқталған. Аталған іс бойынша көлік тізгінінде Гүлайым болған.

Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескенімен кәмелетке толмаған балалары мен жүктілігін ескере отырып, жазаны орындауды 5 жылға кейінге қалдырған.

Сонымен қатар Гүлайым неке шарты бар екенін айтқан. Оның сөзінше, келісім бойынша ажырасқан жағдайда мүлік кімнің атына рәсімделсе, сол адамда қалады. Ол Алматыдағы Шавкат Рахмонов пен оның анасының атына тіркелген екі пәтерге қатысты талап қойғанын да мәлімдеген.

Шавкат Рахмонов әзірге жұбайының айыптауларына ресми түрде пікір білдірген жоқ.

Жанжалдың басты себебі

Гүлайымның айтуынша, отбасындағы келіспеушіліктің негізгі себептерінің бірі — Шавкаттың анасымен арадағы қарым-қатынасының нашарлауы болған.

Ал Шавкат Рахмонов бұған дейін анасын құрметтемейтін әйелмен бірге өмір сүрмейтінін айтқан.