Бибісара Асаубаева қазақ тілін үйреніп жүргенін көрсетті (ВИДЕО)

Спорт шолушысы
06.07.2026, 22:28

Титулды гроссмейстер әлеуметтік желідегі парақшасында онлайн сабақтан үзінді жариялап, мемлекеттік тілді меңгеруге кіріскенін көрсетті.

24kz

Онлайн сабақтан видео жарияланды 

Бибісара Асаубаева Telegram-арнасында қазақ тілі сабағынан қысқа бейнежазба жариялады. Видеода шахматшы мұғалім берген тапсырмаларды орындап отырғанын көруге болады.

Сабақ барысында тапсырмалардың басым бөлігі орыс тілінен қазақ тіліне аударуға бағытталған. Кадрлардан Бибісараның қазақша сөз тіркестерін айтуға тырысып, біртіндеп дұрыс дыбыстауға дағдыланып келе жатқанын байқауға болады.

Шахматшы жыл соңына дейін мақсат қойды

Бұған дейін Асаубаева әлеуметтік желідегі жазбасында қазақ тілі мәселесін осы жылдың соңына дейін толық шешкісі келетінін айтқан. Оның сөзінше, мемлекеттік тілді меңгергеннен кейін ол тағы бір шет тілін үйренуді жоспарлап отыр.

Бұл қадам шахматшының өзіне қатысты қоғамда көтерілген сыннан кейін тіл үйренуге шындап кіріскенін аңғартады.

Қазақ тіліне қатысты дау қалай басталды?

Бибісара Асаубаева мен қазақ тілі төңірегіндегі дау бірнеше кезеңде өрбіді. Әсіресе 2025 жылдың жазында берген сұхбаттарынан кейін бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Сол кезде шахматшы журналистердің мемлекеттік тілде сұрақ қою немесе пікір алу туралы өтінішіне қазақ тілін жеткілікті деңгейде білмейтінін айтып, жауап беруден бас тартқан. Бұл жағдай қоғамда түрлі пікір туғызып, спортшыға қатысты сын көбейді.

Анасы қызына араша түсті

Әлеуметтік желідегі пікірталастардан кейін Бибісараның анасы Лиана Таңжарықова қызына қолдау білдірді. Ол жұртшылықты шахматшының тіл білмеуіне ғана емес, оның халықаралық деңгейдегі спорттық жетістіктеріне де назар аударуға шақырды.

Таңжарықованың айтуынша, интеллектуалды спорттағы табысты бағалау маңызды, ал тіл мәселесін жеке сынға айналдыру дұрыс емес.

Бұған дейін де сынға қалған

Асаубаева бұған дейін де әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер кезінде осы тақырыпқа байланысты сынға ұшыраған. Жанкүйерлердің "Неге ел атынан өнер көрсете тұра қазақша сөйлемейсіз?" деген сауалына шахматшы жарыс кестесінің тығыз екенін айтып жауап берген.

Ол сол кезде турнирлерге дайындық көп уақыт алатынын, сондықтан шахмат пен тіл үйрену арасында таңдау жасауға тура келетінін жеткізген. Сондай-ақ отбасында негізінен орыс тілінде сөйлесетінін де айтқан.

Реклама
Реклама