Мұхит Амантаевқа 15 тәулікке дейін қамауға алу қаупі төніп тұр (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Бокстан жаттықтырушы және спортшы Мұхит Амантаев IBA Nomad 15 турнирі қарсаңындағы трэш-ток кезінде бейәдеп сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мұхит Амантаевқа 15 тәулікке дейін қамауға алу қаупі төніп тұр (ВИДЕО)
instagram/@mukhit_amantayev

Әкімшілік хаттама толтырылды

Мұхит Амантаевтың айтуынша, Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оның үйіне келіп, әкімшілік хаттама рәсімдеген. Бұған IBA Nomad 15 турнирі алдындағы трэш-ток кезінде айтылған бейәдеп сөз себеп болған.

Спортшы бұл жағдайды өзінің Instagram парақшасында жарияланған видеода түсіндірді. Оның сөзінше, енді оған айыппұл салынуы немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.

"Заң бәріне ортақ" 

Мұхит Амантаев болған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, эмоцияға берілудің салдары осындай жағдайға алып келгенін айтты.

"Заң бәріне ортақ. Бұл дұрыс. Қазір маған Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция басқармасының қызметкерлері келді. Кеше Алматыда трэш-ток өтті. Мұндай шараларда эмоция, көрерменнің қызығушылығын арттыру ниеті болады. Бірақ кейде заң мен қоғамдағы тәртіп нормаларын ұмытып кетеміз. Кеше видеода бір ғана бейәдеп сөз айтылып кетті. Сол сөз үшін полиция қызметкерлері дереу әрекет етіп, маған келді. Хаттама толтырылды. Құдай қаласа, ертең сот болады. Айыппұл төлейміз. Егер сот айыппұл тағайындамаса, 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы берілуі мүмкін", — деді Амантаев.

Сондай-ақ ол жастар мен спортшыларға үндеу жасап, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін сақтау маңызды екенін атап өтті.

"Жастарға және барлық спортшыларға айтқым келеді: біз жас буынға үлгі болуымыз керек. Сондықтан сөзімізге абай болғанымыз жөн. Трэш-ток болсын, басқа жағдай болсын, әркім айтқан сөзіне жауап береді. Заң бәріне ортақ", — деді ол.

IBA Nomad 15 турнирінде жеңіліп қалға

Еске салайық, Алматыда IBA Nomad 15 турнирінде Мұхит Амантаев Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетовке қарсы октагонға шыққан. Жекпе-жек жартылай жеңіл салмақта, "ММА тік тұру" ережесі бойынша өтті.

Үшінші раундта Бекембетов қарсыласының корпусына дәл соққы жасап, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.