Данияр Елеусіновке сот үкімі шықты
Олимпиада чемпионына 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды.
Астанада мас күйде көлік жүргізген Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты сот үкімі шықты. Боксшыға 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайынжалды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сот үш жол апаты болғанын анықтады
Сот мәліметінше, азамат Е. алкогольдік мас күйде көлік басқарып, Астана көшелерінде қозғалыс кезінде үш жол-көлік оқиғасына себепкер болған.
Іс материалдарына сәйкес, жүргізуші алдымен жерасты паркингінің қақпа тірегін соққан. Кейін басқа көлікпен соқтығысып, инерциямен тағы бір автомобильге барып соғылған.
Одан кейін Kia Sportage көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан бұл көлік Toyota Hilux автомобиліне барып соғылған.
Көліктерге материалдық шығын келген
Жол-көлік оқиғалары салдарынан бірнеше көлікке механикалық зақым келіп, материалдық шығын келтірілген.
Сот жүргізушінің кінәсі іс материалдарымен дәлелденгенін хабарлады. Олардың қатарында медициналық куәландыру қорытындысы, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар, жол апатының сызбалары, видеожазбалар, қатысушылардың түсініктемелері және басқа да дәлелдер бар.
Сараптама жеңіл дәрежедегі мас күйді көрсеткен
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушіден алкогольдік мас болудың жеңіл дәрежесі анықталған.
Сот Данияр Елеусіновтің әрекетін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігі бойынша саралаған. Бұл бап мас күйде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасына себепкер болғандарға қатысты қолданылады.
Сот отырысында Данияр Елеусінов өз кінәсін толық мойындады. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Данияр Елеусіновтің мас күйде көлік басқарғаны және жол апатынан кейін ұсталғаны туралы ақпарат 9 шілдеде белгілі болды.