Сәбина Алтынбекова Роналдуға қолдау білдіріп, спорттағы буллинг туралы айтты
Қазақстандық волейболшы әлеуметтік желідегі жазбасында әйгілі футболшының айналасындағы жағдайды спорттағы қысым және қызғаныш тақырыбымен байланыстырды.
Роналду туралы жазба
Сәбина Алтынбекова Instagram stories бөлімінде Криштиану Роналдудың Португалия құрамасындағы суретін жариялап, әлем футболының жұлдызына қолдау білдірді. Волейболшының сөзінше, командалық спортта бір адамның таланты мен еңбегі кейде жеткіліксіз болуы мүмкін. Ол Роналдуға қатысты айтылып жатқан пікірлерді буллингпен салыстырды.
“Тіпті аңыздың өзін буллингке ұшыратады әрі оған өз командаластары қызғанышпен қарайды. Командалық спорттың ерекшелігі сондай – сен жалғыз ештеңені өзгерте алмайсың. Лайықтары әрқашан алда болады. Үздік”, – деп жазды Алтынбекова.

2026 жылғы әлем чемпионаты Криштиану Роналду үшін мансабындағы алтыншы әрі соңғы мундиаль болды. 41 жастағы футболшы турнирде үш гол соғып, алты әлем чемпионатында гол салған алғашқы ойыншы ретінде тарихи көрсеткіш тіркеді.
Португалия құрамасы 1/8 финалда Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Осыдан кейін БАҚ пен жанкүйерлер арасында Роналдуға қатысты түрлі әңгіме тарады.
Кейбір ақпарат құралдары мен жанкүйерлер Португалия құрамасының ішінде Роналдуға пас бермеу, оны елемеу және жасырын қысым көрсету белгілері болғанын талқылады. Әсіресе Бруну Фернандеш, Витинья және Бернарду Силваға қатысты пікірлер әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Сонымен қатар Жоау Невештің Криштиануды “командадағы қарапайым әріптестердің бірі” деп сипаттаған сөзі де жанкүйерлер тарапынан әртүрлі қабылданды. Дегенмен Португалия құрамасының ойыншылары мен бапкерлер штабы турнир барысында ішкі жанжал туралы ақпаратты жоққа шығарып, баспасөзді артық шу шығармауға шақырған.
Алтынбекова өз тәжірибесімен байланыстыра ма?
Сәбина Алтынбекова бұған дейін де спорттағы қызғаныш, қысым және буллинг тақырыбын ашық көтерген еді. Ол мансабының бастапқы кезеңінде Қазақстан жастар құрамасында психологиялық қысымға тап болғанын айтқан.
Волейболшының сөзінше, сол кезде оның сырт келбеті мен медиа танымалдығы спорттық қабілетінен жиі жоғары қойылып, бұл команда ішіндегі қарым-қатынасқа әсер еткен. Алтынбекова бұрын кейбір бапкерлер мен айналасындағы адамдар оны “ойнай алмайды, тек әдемі” деп бағалағанын еске алған.