Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың сүйікті тағамы елді сүйсіндірді

Спорт шолушысы
04.08.2026, 20:41

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ұлттық тағамдардың ішінен етті ерекше ұнататынын аңғартты.

instagram.com/mikhail_shaidorov/

Шайдоров еттің суретін бөлісті

22 жастағы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасының сторисіне еттің фотосын жүктеді. Осылайша Шайдоров қазақтың ұлттық тағамы оның сүйікті асы екенін білдірді.

Олимпиададағы тарихи жеңісі

Михаил Шайдоров 2026 жылдың ақпан айында Милан мен Кортина-д’Ампеццодағы қысқы Олимпиада ойындарында топ жарды. 291,58 ұпай жинап, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Бұған дейін отандасымыз 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, Төрт құрлық чемпионатында жеңіске жеткен.

Қазақстандық спортшыны 1994 жылғы Олимпиада чемпионы Алексей Урманов пен италиялық маман Иван Ригини жаттықтырады. Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының ресми парақшасында оның негізгі дайындық орындары ретінде Алматы мен Сочи көрсетілген.

Жаңа маусымға дайындық

Шайдоров биыл Калифорнияда белгілі маман Рафаэль Арутюнянның жетекшілігімен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сол жерде мұздағы биден әлем чемпионы Ше-Линн Бурнмен бірге жаңа қысқа бағдарламасын әзірледі.

Ал 2026/27 жылғы маусымға арналған тағы бір бағдарламаны француз хореографы Бенуа Ришо дайындады. Шетелдегі жиыннан кейін қазақстандық спортшы жаттығуын Алматыдағы Halyk Arena мұз айдынында жалғастырды. Маусымаралық кезеңде ол аптасына алты күн жаттығып, жексенбіні демалысқа қалдырады.

Олимпиада чемпионы 2026 жылы Гран-при сериясының екі кезеңіне қатысады:

23–25 қазан – Анжедегі Франция Гран-приі;
6–8 қараша – Шэньчжэньдегі Қытай кубогы.

Егер Шайдоров серия қорытындысы бойынша үздік алты спортшының қатарына енсе, 10–13 желтоқсан аралығында Чунциндегі Гран-при финалына жолдама алады.

Реклама
Реклама