Михаил Шайдоров қазақша күрделі сөзді мүдірмей айтып шықты (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров қазақ тілін қаншалықты меңгергенін көрсетті.

Михаил Шайдоров қазақша күрделі сөзді мүдірмей айтып шықты (ВИДЕО)
instagram/@mikhail_shaidorov

Қазақша сөйлей алатынын көрсетті

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров әлеуметтік желідегі оқырманының сұрағына ерекше жауап берді.

22 жастағы спортшыға жанкүйерлерінің бірі:

— Қазақша сөйлейсіз бе? — деген сұрақ қойған.

Шайдоров жауап ретінде қазақ тіліндегі ең күрделі сөздердің бірі саналатын "қанағаттандырылмағандықтарыңыздан" сөзін анық әрі қатесіз айтып шықты.

Мәнерлеп сырғанаушының бұл жауабы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды.

Тарихи алтын иегері

Шайдоров 2026 жылы ақпанда Милан мен Кортина-д’Ампеццодағы қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сында топ жарды.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, Олимпиада чемпионы атанды.

Осылайша Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы болды.