"Ең қымбат жандарым": Сәбина Алтынбекова ауылдағы балалық шағын еске алды

Спорт шолушысы

Қазақстандық волейболшы әлеуметтік желідегі парақшасында ауылда өткен балалық шағы туралы әсерлі естелік жариялады.

"Ең қымбат жандарым": Сәбина Алтынбекова ауылдағы балалық шағын еске алды
instagram/@altynbekova_20

Ауылдағы балалық шақ

Волейболшв әлеуметтік желідегі жазбасында ауылдағы шатыр ішінде өткізген отырыстарын, арбамен серуендеген сәттерін және табиғат аясындағы сапарларын сағынышпен еске алды.

"Бала кезімнен ата-анам туған жеріме және өз әулетіме деген терең сүйіспеншілік пен құрметті бойыма сіңірді. Ауылда өткен бақытты балалық шағым үшін алғысым шексіз. Шатырдағы басқосуларды, арбамен жүрген кездерімізді және жорықтарды ешқашан ұмытпаймын", – деп жазды Сәбина Алтынбекова.

Алтынбекова ата-анасынан көрген сыйластықты, мейірімділікті және бауырмалдықты өз өмірінде де сақтауға тырысатынын айтты.

"Мен үшін өмірдегі ең маңызды нәрсе – отбасы. Ата-анамның туыстық байланысты қалай бағалағанын, ата-бабаны қалай құрметтегенін көріп өстім. Сол үлкен махаббатты, шексіз құрметті және бірлікті өз өміріме де алып келдім", – деді спортшы.

Қазақстандық волейболшының пікірінше, әрбір ата-ананың маңызды міндеттерінің бірі – баласына жақын адамдарды қадірлеуді, өз тегін білуді және туған жерін мақтан тұтуды үйрету.

Сондай-ақ ол әкесі мен анасына шынайы әрі бақытты балалық шақ сыйлағаны үшін алғыс білдірді.

"Әке, ана, ең шынайы әрі бақытты балалық шағым үшін рақмет. Барлық туыстарыма алғыс айтамын. Сіздерді қатты жақсы көремін және әрқайсыңызды бағалаймын", – деп жазды Алтынбекова.

Сәбина Алтынбекова кім?

Сәбина Алтынбекова – Қазақстанның ең танымал волейболшыларының бірі. Ол 17 жасынан бастап Қазақстан құрамасының әртүрлі жас санаттарында өнер көрсете бастады.

2014 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында халықаралық деңгейде кеңінен танылды. Сол турнирден кейін Алтынбековаға әлемнің бірқатар елінен қызығушылық артты.

Кейін волейболшы шетелдік клубтарда да ойнады. Оның мансабында Жапонияның GSS Sunbeams, Біріккен Араб Әмірліктерінің "Аль-Васл" және Индонезияның Yogya Falcons командалары бар.

Соңғы маусымын елордалық "Астана" клубы сапында өткізді. Бірақ 2026 жылдың ақпан айында тараптар келісімшартты өзара келісім бойынша мерзімінен бұрын тоқтатты.