Бибісара Асаубаева АҚШ-та құжаттарын жоғалтты
Жоғалтып алған әмиянында ақша, банк карталары, жеке құжаттар және өзіне қымбат адамның қолмен жазған хаты болған.
Бибісара Асаубаева АҚШ-та келеңсіз жағдайға тап болды. Шахматшы Майамиден Сент-Луис қаласына ұшуға дайындалып жатқанда әмиянын қонақүйде қалдырып кеткен. Бұл туралы kursiv.media хабарлады.
"Майамиден Сент-Луис қаласына ұшуға бара жатып, ішінде ақша, банк карталары және жеке куәлік бар әмиянымды қонақүйде қалдырып кетіппін", — деп жазды Асаубаева.
Асаубаева бір жыл бұрын да АҚШ-та ақшасы мен карталарынан айырылғанын еске алды. Оның айтуынша, былтыр Вашингтоннан Сент-Луиске бара жатқан жолда банк карталары мен 500 долларын ұрлап алған.
"Ақша келеді-кетеді"
Шахматшы бұл жолы ақшадан бөлек, әмиян ішіндегі жеке заттар үшін қатты уайымдағанын жеткізді.
"Ақша келеді-кетеді. Дегенмен оны жоғалту көңіл-күйді түсіреді. Ақша болмаса да, әмиянымды қайтарып берсе екен. Өйткені оның ішінде жеке куәлік қана емес, маған өте жақын адамның өз қолымен жазған хаты да бар", — деді Асаубаева.
Кейін белгілі болғандай, Бибісара Асаубаева жоғалған әмиянын өз шабадандарының бірінен тауып алған.
Шахматшының айтуынша, ол қатты шаршағандықтан бастапқыда әмиянды таба алмаған болуы мүмкін.
"Қолдауларыңызға рахмет. Әмиян шабаданның ішінен шықты. Әбден шаршағандықтан кеше таба алмасам керек. Бірақ қонақүйге хат жазып, хабарласқаннан кейін ғана табылғанын қарашы", — деді ол.
Асаубаева Сент-Луистегі супертурнирге қатысады
Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтетін ірі шахмат турниріне қатысады.
Жарыс 8-21 тамыз аралығында өтеді. Турнирге әлемнің ең мықты шахматшылары шақырылған.