Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес салмақ дәрежесін ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл шешім қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен өтуі тиіс жекпе-жектің болашағына қауіп төндірді,
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, Карлос Адамеске ашық шақыру тастаған. Бірақ 31 жастағы доминикандық боксшы әзірге бұған жауап бермей, керісінше WBC белбеуінен бас тартып жоғары салмақ дәрежесіне өтуді қарастырып жүр.
"Менің ойымша, ең қызықты жекпе-жек — Эдгар Берлангамен (АҚШ) болатын кездесу. Бұл ауқымды әрі қызықты шоу болар еді", — деді Адамес The Ring тілшісіне берген сұхбатында.
Жәнібек бұған дейін бірнеше рет мәлімдеме жасап, тек Адамеспен жекпе-жек өткізгісі келетінін айтқан. Ол әлеуметтік желі арқылы доминикандық қарсыласына ашық түрде үндеу жасаған.
Карлос Адамес ақпан айының соңында WBC белбеуін қорғап, британдық Хамза Ширазбен тең нәтиже тіркеген. Қазір Адаместің еншісінде 24 жеңіс бар, оның 18-і — нокаутпен.
Ал Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін сәуір айында өткізіп, француз-конголезді Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсірді. 32 жастағы боксшы кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен (12 — нокаутпен).