Таиландта өтіп жатқан U19 және U22 жас аралығындағы алғашқы тарихи Азия чемпионатында Алина Құдайгенова жартылай финалға өтті.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Алина Оңтүстік Корея өкілі Джихье Хонмен жекпе-жек өткізді. Қайсар қарсылыққа қарамастан төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіс Құдайгеноваға берілді.
Турнир ережесіне сәйкес, жартылай финалға өткен спортшылар автоматты түрде кемінде қола жүлдегер атанады. Осылайша Алина Азия біріншілігінде Қазақстан қоржынына кезекті медаль салды.
Айта кетерлігі, Алина Құдайгенова биыл Коломбо қаласында (Шри-Ланка) өткен IBA және ASBC ұйымдастырған Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған еді. Енді ол World Boxing аясындағы жарыста да топ жаруға ұмтылып отыр.
U19 және U22 жас санатындағы бұл тарихи турнир 11 тамызға дейін жалғасады. Чемпионатқа 25 мемлекеттен мықты спортшылар қатысуда.